Чехияда су тасқынына қарамастан Сенат сайлауы өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Чехияда Сенат пен аймақтық өзін-өзі басқару органдарына сайлау аяқталды. Кейбір аудандарда дауыс беру контейнерлерде, шатырларда немесе ашық аспан астында өтті, деп хабарлайды Euronews.
Екі күндік дауыс беру соңғы күндері елде және Орталық Еуропаның басқа бөліктерінде болған жаппай су тасқыны кезінде өтті. Еуропадағы су тасқынынан 24 адам қаза тапты, оның бесеуі Чехияда.
Кейбір жерлерде дауыс беру жүк тасымалдайтын контейнерлерде, шатырларда немесе ашық аспан астында өтті. Мектептер мен сайлау учаскелері ретінде қызмет ететін басқа да ғимараттар су астында қалды.
Чехтар жоғарғы палатаның үштен бірін – 27 сенаторды сайлауы керек еді. Ел конституциясына сәйкес, оның ішінара жаңартылуы екі жылда бір рет жүргізіледі. Чехиялық БАҚ атап өткендей, Сенат сайлауының нәтижесі саяси күштердің тепе-теңдігіне түбегейлі әсер етпейді.
Чехия премьер-министрі Петр Фиала басқаратын қазіргі бес партиялық басқарушы коалиция 81 орындық Сенатта абсолютті басымдыққа ие. Келесі аптада сайлаудың екінші кезеңі өтеді.
Еске салайық, толассыз жауған жаңбыр Орталық Еуропада су тасқынына себеп болды. «Борис» дауылы Орталық және Шығыс Еуропада жойқын су тасқынын туғызып, көптеген адамның қаза болуы мен айтарлықтай шығынға әкелді.
Дауыл Аустриядағы өрт сөндіруші мен Польшада суға кеткен ер адамның өмірін қиды. Румыния да қатты зардап шекті: табиғи апаттан бес адам қаза болды, Чехияда бірнеше адам із-түзсіз жоғалып кетті.
Орталық және Шығыс Еуропада толассыз жауған жаңбыр мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 16 адамға жетті, тағы бірнеше адам із-түзсіз жоғалған.
Еуропарламент Еуропадағы су тасқынына байланысты қарар қабылдады.