Чехияда техногендік апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Чехияның Оломоуц өлкесінің шығыс бөлігінде көлдің улы бензолмен ластануына байланысты төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды euronews.

Оқыс оқиға 28 ақпанда болғанына қарамастан, бензолдың көл мен жер асты суларына жайылғаны анықталғаннан кейін жағдай апатты деп танылды.
Өткен айда жүк пойызы Густопече станциясының кіреберісіндегі рельстен шығып кеткені белгілі болды. Бұл жағдай жылдамдықты арттыруға байланысты болуы мүмкін екені айтылды. 17 вагонның көп бөлігі апаттан кейін бірден жанып кетті. 1000 тоннадан астам бензол тасымалдайтын цистерналардан жер асты суларына шамамен 350 тоннасы ағып кетті.
Төтенше жағдай туралы бұйрық жергілікті билікке ресурстарды бөлу және көмек көрсету жұмыстарын дереу бастау үшін арнайы өкілеттіктер береді. Қазірдің өзінде ластанған су қоймаларын бензолдан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Теміржол мен су арасында ондаған шұңқыр қазылып, бензолдың одан әрі таралуын болдырмау үшін арнайы металл конструкциялар орнатылады. Билік өкілдері өрт пен техногендік апаттың шығыны 40 миллион еуродан асады деп сескенеді.
Айта кетейік, дағдарыстың салдарын жеңілдету мақсатында төтенше жағдай 27 сәуірге дейін әрекет ететін болады.
Бұған дейін Чехияда оқ-дәрі өндіретін зауытта жарылыс болғанын хабарлаған едік.