Чехияда жалғызбасты мұқтаж ата-аналардың саны артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Чехияның статистика басқармасы өткен жылы балалы отбасылардың әл-ауқатына қатысты ауқымды зерттеу жүргізіп, қазіргі жағдайдың нашарлағанына алаңдаушылық білдіріп отыр, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

8 500 чехиялық үй шаруашылығын қамтыған бұл зерттеу нәтижесінде 2024 жылы балалы отбасылардың 12%-ы табыстың жеткіліксіздігі мәселесіне тап болғаны анықталды. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2022 жылы бұл көрсеткіш 10%-ды құраған. Мұндағы «табысы бойынша кедейлік» ұғымы — отбасылардың ай сайынғы табысы Чехиядағы орташа таза табыстың 60%-ынан төмен болуы.
Ең ауыр жағдай — жалғызбасты ата-аналар мен үш және одан да көп баласы бар отбасыларда байқалады. Бірінші жағдайда 36,6% отбасы табыстың жеткіліксіздігін бастан кешірсе, екінші жағдайда бұл көрсеткіш 23,6%-ды құраған. Арнаулы үкіметтік емес ұйымдар Чехиядағы жалғызбасты ата-аналардың жағдайы бірнеше жылдан бері жақсармай келе жатқанын атап өтіп отыр.
Чехия ғылым академиясының Социологиялық институты мен Ұлттық SYRI институтының (әлеуметтік-экономикалық аурулар мен жүйелік қауіптердің әсерін зерттеу жөніндегі ұлттық институт) мамандары COVID-19 пандемиясы кезінде 32 толық емес отбасын бақылап, қазіргі күрделі жағдайдың себебі жалғызбасты аналардың еңбек нарығындағы осалдығы мен материалдық тапшылығына байланысты екенін айтты.
Зерттеулер көрсеткендей, мұндай отбасыларда жиі кездесетін қиындықтардың бірі — азық-түлік тапшылығы. Ақша жетіспегендіктен, жалғызбасты аналар табыс табу үшін қан плазмасын тапсыру сияқты амалдарға жүгінеді.
Ал арнаулы үкіметтік емес ұйымдар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің жеткіліксіздігін де сынға алады.
Бұдан бұрын Чехияда жаз айларында ең көп жұмысшы егін жинау, сұрыптау және егінге күтім жасау жұмыстарында жетіспейтінін жазған едік.