Чехияда жүрген танымал дзюдошылар өз таңдауын жасады
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев және әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері Әбиба Әбужақынова — Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Елшілігі жанындағы №437 референдум учаскесіне барды. Бұл туралы ҚР СІМ хабарлады.
Нимбурк қаласында өтіп жатқан халықаралық оқу-жаттығу жиынында жүрген спортшылар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша референдумға қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел үшін маңызды саяси оқиғаға қолдау көрсетті.

Айта кетейік, ережесіз жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов Қонаев қаласындағы учаскелердің бірінде ел үшің ең маңызды тарихи шешім қабылдар тұста өз таңдауын жасады.
2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай референдумда дауыс берді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, «World Boxing» ұйымының президенті Геннадий Головкин референдумда дауыс берді.
Бангкок қаласында өтіп жатқан World Boxing Futures Cup 2026 халықаралық турниріне қатысу аясында Қазақстанның Таиландтағы Елшілігі жанындағы #453 референдум учаскесіне келіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдумда дауыс берді.