Чехиядағы сауда орталығының бірінде екі әйел көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM - Әйелдер Чехияның Градец Кралове қаласындағы сауда орталығында пышақпен жасалған шабуылдан қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform.kz Euronews арнасына сілтеме жасап.

Чехиядағы сауда орталығының бірінде екі әйел көз жұмды
Фото: Видеодан алынған кадр

Күдікті — 16 жастағы жасөспірім. Ол көп өтпей қолға түсті.

Полицияның мәліметінше, көз жұмған екі әйел де шабуыл болған дүкенде жұмыс істеген.

— Күдіктіні 10 минуттан кейін қылмыс орнынан бір шақырымдай жерде қолға түсірдік. Оны оқиға орнында арнайы жасақ тобы ұстады, - деп хабарлады қалалық облыстық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Ива Кормосова. 

Чехия премьер-министрі Петр Фиала қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты. 

— Градец-Краловеде болған оқиға — қала тұрғындарын дүрліктіріп, көпшіліктің үрейін ұшырды, - деп жазды ол X әлеуметтік желісінде. 

Әзірге шабуылдың себебі белгісіз, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Полиция жағдайдың бақылауда екенін, енді халыққа қауіп төндіп тұрмағанын айтты. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Чехияда мейрамханадағы жарылыстан 6 адам қаза тапқанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар