13:10, 14 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Челах жыл сайын сот үкіміне қатысты шағым түсіреді - Бас әскери прокурор
Бас әскери прокурор Дастан Сәкенов 2012 жылы «Арқанкерген» шекара бекетіндегі оқиға бойынша істі болған Владислав Челахтың шағымдарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2012 жылы Челахтың ісі бойынша сот үкімі шықты. Содан кейін талай рет шағымданған болатын. Бұл шағымдар Бас прокуратура мен Жоғарғы сотта белгіленген тәртіп бойынша қаралды. Бірақ В. Челахтың іс бойынша айтқан деректері дәлелденген жоқ. Менің ойымша, сондықтан соттың үкімі заңды», - деді Д. Секенов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, В. Челахтан жыл сайын арыздар түседі. Бас әскери прокуратура оларды жан-жақты қарастырып келеді.
«Ол өз шағымында тың мәліметтер көрсететін шығар деп оның айтқандарын тыңғылықты зерттеп келеміз. Бірақ, ол бұрынғы мәліметтерді жазып жатыр», - деді Бас әскери прокурор.
Еске сала кетсек, 2012 жылы мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні Алматы облысының «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы және бір қорықшы қаза тапты. Аман қалған он бесінші сарбаз Владислав Челах шекара бекетінен 20 шақырым жерде орналасқан қыстаудан табылды. Тергеу жұмысы барысында В. Челах басты күдікті ретінде қарастырылып, қамауға алынды. Соңында В. Челах өмір бойына бас бостандығынан айрылды және Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» түрмесіне жіберілді.