Челябі университетінің Қостанайдағы филиалының қызметі реттелді — заң
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы „Челябі мемлекеттік университеті“ жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.
Заңның мақсаты — 2024 жылы 27 қарашада Астана қаласында қол қойылған келісімді ратификациялау.
— Келісім Қазақстан Республикасының аумағында Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалының қызметін заңнамалық қамтамасыз етуге және жұмыс істеу шарттарын бекітуге бағытталған. Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай қаласындағы филиалы 1999 жылғы «Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес 2000 жылы құрылған. Келісімді ратификациялау филиал қызметін Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес лицензиялауға және аккредиттеуге, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын қайта қарауға мүмкіндік береді. Оқу орны «құқықтану», «лингвистика», «филология, „экономика“, „менеджмент“ мамандықтары бойынша мамандар дайындайтын болады, — деді сенатор Алтынбек Нухұлы.
Оның айтуынша, оқыту екі елдің жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес қазақ, орыс және басқа да тілдерінде жүргізу көзделеді. Сондай-ақ, Қазақстан тарихы мен философия пәндерін барлық мамандықтар бойынша оқыту қарастырылады.
— Филиал қызметіне мемлекеттік бақылауды тараптардың ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органдары жүргізеді. Білім алушыларды қабылдау және филиалдың қызметіне мемлекеттік бақылау Қазақстан мен Ресейдің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай қаласындағы филиалына студенттерді оқуға қабылдау Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі негізінде іске асады. Келісімді ратификациялау филиал қызметін құқықтық реттеуге, студенттер мен оқытушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, — деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, құжатты іске асыру республикалық бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік немесе экономикалық салдарға әкелмейді.
Бұған дейін хабарланғандай, биыл Қазақстанда шетелдік ең мықты 10 университеттің филиалы ашылады.