Чемпиондар лигасы: «Арсенал» сырт алаңда «Интерге» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM – УЕФА Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің төртінші туры мәресіне жетті.
Бұл күні англиялық «Арсенал» сырт алаңда Италияның «Интер» командасына 0:1 есебімен есе жіберді.
Англиялық клуб аталған турнирде алғаш рет жеңіліп отыр. Бұған дейін екі мәрте жеңіске жетіп, бір мәрте тең нәтижеге қанағат білдірді. Бұл сәтсіздіктен кейін олар турнир кестесінде жағдайын біршама қиындатып алды.
Сондай-ақ франциялық ПСЖ испаниялық «Атлетико Мадридке» 1:2 есебімен есе жіберді.
Аталған турдағы өзге ойындарда украиналық «Шахтёр Донецк» швейцариялық «Янг Бойзды» 2:1, бельгиялық «Брюгге» англиялық «Астон Вилланы», германиялық «Бавария» португалиялық «Бенфиканы» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал чехиялық «Спарта Прага» франциялық «Брестке» 1:2, нидерландтық «Фейеноорд» австриялық «Ред булл Зальцбургке» 1:3, сербиялық «Црвена Звезда» испаниялық «Барселонаға» 2:5, германиялық «Штутарт» италиялық «Аталантаға» 0:2 есебімен жол берді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасында «Реал Мадрид» өз алаңында жеңіліп қалды.
Енді алдағы тур ойындары 26 және 27 қараша күндеріне белгіленген.