Чемпиондар лигасы: «Барселона» мен «Арсенал» жарысты жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының 1/4 финалына тағы екі жолдама «Барселона» мен «Арсенал» командаларына бұйырды.

Футбол
Фото: Наталья Зинченко \ Kazinform

Испанияның «Барселона» командасы 1/8 финалда өз алаңында Италияның «Наполи» клубын қабылдады. 

Кездесу барысында испаниялық ұжым жылдам гол соғып үлгерді. Олардың қатарынан Фермин Лопес Мартин 15-минутта мергендік танытса, Рафинья 17-минутта есепті үстемелей түсті.

Одан кейін «Наполи» сапынан Амир Ррахмани 17-минутта бір голмен жауап қайырды.

Ойынның 83-минутында испаниялық клубтан Робер Левандовски қорытынды есепті белгіледі. 

Осылайша «Барселона» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. 

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірген еді.

Тағы бір ойында Англияның «Арсенал» клубы өз алаңында Португалияның «Портуын» 1:0 есебімен қапы қалдырды. Десе де екі команда арасындағы алғашқы матчта португалиялық ұжым дәл осындай есеппен жеңіске жетті. Қос ойынның қорытындысымен нәтиже теңесіп, командалар овертайм өткізді. Жеңімпаз пенальти тебу арқылы анықталды. Бұл жолы «Арсенал» қарсыласын 4:2 есебімен сүріндірді.

Енді 13 наурызда «Боруссия Дортмунд» (Германия) пен ПСВ (Нидерланд), «Атлетико Мадрид» (Испания) пен «Интер» (Италия) келесі кезең жолдамасын сарапқа салады. 

Еске салсақ, бұдан бұрын «Пари Сен-Жермен», «Бавария», «Реал Мадрид», «Манчестер Сити» командалары ширек финалға жолдама алған еді.

 

 

Соңғы жаңалықтар