Чемпиондар лигасы: «Барселона» ширек финалдың алғашқы жолдамасына ие болды
АСТАНА. KAZINFORM — УЕФА Чемпиондар лигасы ширек финалына берілген алғашқы жолдамаға Испанияның «Барселонасы» қол жеткізді.

Каталондық команда өз алаңында Португалияның «Бенфика» клубымен шеберлік байқасты.
Алғашқы минуттан олардың басымдығы байқалып тұрды. Жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеген команда жиі шабуылға шықты. Бұл сәттерде жас жұлдыз Ламин Ямалдың белсендігі байқалды. Ойынның 11-минутында ол әріптесі Рафиньяның гол соғуына мүмкіндік жасады.
Португалиялық клуб оларға жылдам жауап қайтарды. Олардың қатарынан Николас Отаменди 13-минутта тепкен доп «Барселона» қақпасында тулап жатты.
Ендігі кезекте Ламин Ямал 27-минутта португалиялық қорғаушыларды алдап өтіп, алыстан тепкен добы голға айналды.
Ал 42-минутта испаниялық клубтан Рафинья кездесудегі өзінің екінші голын соқты.
Осылайша «Барселона» қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Алғашқы кездесуде «Барселона» 1:0 есебімен басым түскен еді.
Енді бүгін «Ливерпуль» (Англия) мен «Пари Сен-Жермен» (Франция), «Байер» (Германия) мен «Бавария» (Германия), «Интер» (Италия) мен «Фейеноорд» (Нидерланд) командалары қарымта ойындарын өткізеді.
Екінші ойын күні, 12 наурызда «Лилль» (Франция) мен «Боруссия Дортмунд» (Германия), «Атлетико Мадрид» (Испания) пен «Реал Мадрид» (Испания), «Арсенал» (Англия) мен ПСВ (Нидерланд), «Астон Вилла» (Англия) мен «Брюгге» (Бельгия) ойнайды.