Чемпиондар лигасы: БИІК пен «Ақтөбе» алғашқы ойынын өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан әйелдер арасындағы UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде қазақстандық БИІК (Шымкент) және «Ақтөбе» командалары алғашқы ойындарын өткізеді.

Шымкенттік клуб сырт алаңда қазақстандық уақытпен 14:00-де Словенияның «Катовице» командасымен шеберлік байқасса, ақтөбелік футболшылар 18:00-де Италияның «Рома» клубымен шеберлік байқасады.
БИІК командасы 2009 жылдан бері Чемпиондар лигасында ел намысын қорғап келеді. 2017, 2018, 2019 жылдары 1/8 финалға дейін жетті.
Шымкенттік клуб ел біріншілігінде 13 мәрте чемпиондық атақты жеңіп алды. Ал «Ақтөбе» 2014 жылдан бері ел біріншілігінде бақ сынап жүр. 2024 жылы күміс жүлдегер атанса, 2018 жылы қола медаль алған еді. Биыл еурокубок ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр.
Финалдық ойындар 2026 жылдың мамыр айында Норвегия астанасы Осло қаласындағы «Уллевол» стадионында өтеді.
Қазір еліміздің футболдан әйелдер арасындағы ел біріншілігінде «Ақтөбе» мен БИІК алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Қайрат» футболдан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.