Чемпиондар лигасы: «Интер» мен «Барселона» тең түсті

АСТАНА. KAZINFORM - UEFA Чемпиондар лигасы жартылай финалындағы тағы бір кездесуде «Барселона» (Испания) мен «Интер» (Италия) кездесті.

Чемпиондар лигасы: «Интер» мен «Барселона» тең түсті
Фото: championat.com

Бұл ойын қос команданың алма-кезек шабуылымен жалғасты. Кездесу барысында италиялық клуб алғашқы минуттан тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Нәтижесінде 1-минутта Маркус Тюрам көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал 21-минутта оның әріптесі Дензел Думфрис есепті ұлғайта түсті.

Өз қақпасына қатарынан екі гол жіберіп алған «Барселона» одан кейін таразы басын теңестіруге ұмтылды. Осындай сәттердің бірінде Ламин Ямаль 24-минутта мергендік танытса, Ферран Торрес 38-минутта гол соқты.

Тартысты бәсеке екінші кезеңде осындай қарқында өрби түсті. Дензел Думфрис 64-минутта қайтадан «Интерді» алға шығарды. Ойынның 65-минутында италиялық команда қақпашысы Ян Зоммер өз қақпасына гол соғып алды.

Осылайша командалар 3:3 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Финалға берілетін жолдама 6 мамырда өтетін қарымта кездесуде шешіледі.

Екі команда бұған дейін 10 мәрте кездесті. Оның 5-де испаниялық клуб басым түссе, тағы 3 мәрте тең ойнап, қалғанында италиялық клуб үш ұпай олжалап кетті.

Финал 31 мамырда Германияның Мюнхен қаласындағы «Мюнхен арена» стадионында болады.

Еске салсақ, бұдан бұрын жартылай финалдағы алғашқы кездесуде англиялық «Арсенал» Францияның «Пари Сен-Жерменіне» 0:1 есебімен жол берді.

Соңғы жаңалықтар