Чемпиондар лигасы: «Қайрат» 3 голмен үшінші іріктеу кезеңіне шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылық «Қайрат» футбол командасы UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде Финляндияның КуПС командасын жеңіп, жарыстың үшінші кезеңіне жолдама алды. 

Чемпиондар лигасы: «Қайрат» 3 голмен үшінші іріктеу кезеңіне шықты
Фото: «Қайрат» футбол командасы

Алматылық команда биыл еурокубок ойындарының бірінде негізгі кезеңде бақ сынауды алдына мақсат етіп отыр. Сондықтан олар әзірге Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетуге күш салып келеді. Десе де қазақстандық команда финляндиялық клубпен алғашқы кездесуінде 0:2 есебімен жол берген еді.

Аталған жеңілістен кейін қазақстандық жанкүйерлер көкейінде «алматылық клуб қарымта қайтара ала ма?» деген сауал болды. Осындай жауапкершілікті сезінген «Қайрат» командасы алғашқы минуттан шабылға лап қойды. Осылайша алматылық клуб сапынан 9-минутта Дастан Сәтпаев есеп ашса, Жоржиньо 29, Валерий Громыко 44-минутта мергендік танытты.

«Қайрат» футбол командасы
Фото: «Қайрат» футбол командасы

Екінші кезеңде финляндиялық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен қонақтар мақсатына жете алған жоқ. Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, аталған турнирдің үшінші іріктеу кезеңіне шықты. 

Жарыстың аталған сатысында қазақстандық клуб «Слован» (Словакия) — «Зриньски» (Босния және Герцоговина) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Ал бірінші іріктеу кезеңінде алматылық команда екі ойынның нәтижесімен Словенияның «Qлимпиясын» (1:1, 2:0) есебімен жеңді. Сондай-ақ еліміздің атынан «Астана» мен «Ақтөбе» Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта ойындарын өткізеді.

Соңғы жаңалықтар