Чемпиондар лигасы: «Қайрат» бүгін финалда «Пальмамен» кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Алматылық «Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасы төрттігі финалында бүгін Испанияның «Пальма» командасымен кездесу өткізеді.

Ойын Қазақстан уақытымен 22:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Жартылай финалда «Қайрат» испаниялық «Картахенаны» 3:2 есебімен сүріндірсе, «Пальма» португалиялық «Спортингтен» 3:0 есебімен басым түсті.
Қазірге дейін қарсыластар екі мәрте кездесті. Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде 2022 жылы алғашқы ойында 2:2 есебімен тең түссе, 2023 жылы испаниялық команда 4:3 есебімен жеңіске жетті. Ол жолы өз тобында «Пальма» бірінші орын алса, «Қайрат» үшінші орынға тұрақтады. Екеуі де жарыстың келесі сатысына шықты.
Алматылық команда бұған дейін бұл турнирде 20 мәрте бақ сынап үлгерді. Бұл жөнінен Еуропа құрлығындағы клубтар арасында абсолютті рекордты тіркеді. Олар 2012/13, 2014/15 жылғы маусымда Чемпиондар лигасында жеңіс тұғырына көтерілген.
Ал «Пальма» аталған турнирде 2022/23, 2023/24 жылдары жеңімпаз болды.
Бас бапкер Марлон Веласко төрттіктің финалында «Қайрат» сапында төмендегі шәкірттеріне сенім артты. Қақпа Деннис пен Нарун Серіковке сеніп тапсырылған. Ал ойыншылар қатарында Арнольд Кнауб, Эдсон, Жахангир Рашит, Денер, Занотто, Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов, Кайо Руиз, Отанья, Кевин Арриета, Геге, Вендел да Силва Мендес, Алиссон бар.