Чемпиондар лигасы: «Қайрат» елордада «Олимпиакосқа» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің алтыншы турында алматылық «Қайрат» елордада Грекияның «Олимпиакос» (Пирей) командасымен кездесті.
Алматылық клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин негізгі құрамада Темірлан Анарбеков (Қ) (К), Луиш Мата, Александр Широбоков, Егор Сорокин, Еркін Тапалов,Олжас Байбек, Дан Глейзер, Александр Мрынский, Гиорги Зария. Рикардиньо, Эдмилсонға сенім артты.
Бірінші кезеңде басымдық негізінен грекиялық футболшылар қолында болды. Олар жиі шабуыл ұйымдастырып, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Оған алматылық клуб ойыншылары лайықты тойтарыс берді. Ұрымтал сәттерде өздері алға қарай ұмтылды. Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ.

Екінші кезеңде екі команда толассыз шабуылға иек артты. Ойынның 73-минутында грекиялық клубтан Желсон Мартинш соққан гол «Олимпиакосқа» жеңіс алып келді.
Осылайша «Қайрат» қарсыласына 0:1 еесбімен есе жіберді.

Енді қазақстандық алдағы ойынын 20 қаңтарда елордада «Брюгге» (Бельгия) командасын қабылдаса, 28 қаңтарда сырт алаңда «Арсенал» (Англия) клубымен шеберлік байқасады.
Алматылық команда Чемпиондар лигасының турнирлік кестесінде бір ұпаймен 35-орында келеді. Аталған турнирде «Қайрат» португалиялық «Спортингтен» 1:4, испаниялық «Реал Мадридтен» 0:5, италиялық «Интерден» 1:2, даниялық «Копенгагеннен» 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Ал кипрлік «Пафос» командасымен 0:0 есебімен тең түсті.

«Олимпиакос» командасы болса турнирлік кестеде 2 ұпаймен 33-орында келеді. Бұған дейін кипрлік «Пафоспен» 0:0, нидерландтық ПСВ клубымен 1:1 есебімен тең түссе, англиялық «Арсеналдан» 0:2, испаниялық «Барселонадан» 1:6, испаниялық «Реал Мадридтен» 3:4 есебімен жеңілді.
