Чемпиондар лигасы: «Қайрат» өз алаңында «Слованнан» басым түсті
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылық «Қайрат» бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» командасымен алғашқы ойынын өткізді.

Кездесу барысында командалар бір-бірінің қақпасына жылдам гол соғуға тырысты. Алғашқы минуттан шабуыл ұйымдастырып, қақпадан саңылау табуға тырысты. Соған қарамастан бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде қазақстандық клубтың басымдығы байқалып тұрды. Есесіне словакиялық команда ойыншылары дөрекілігімен көзге түсті. Осындай сәттердің бірінде «Слован» сапынан Рахим Ибрахим 65-минутта қызыл қағазбен алаңнан қуылды. Ойынның 90-минутында «Қайрат» сапынан Дастан Сәтпаев пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Ал 95-минутта Дастан Сәтпаевтың берген пасын әріптесі Рикардиньо голға айналдырған еді. Дегенмен оны бас төреші VAR қарағаннан кейін футболшы ойыннан тыс қалды деген желеумен жаратпай тастады.
Енді командалар 12 тамызда Словакия астанасы Братислава қаласында қарымта ойын өткізеді.
Алматылық футболшылар бірінші және екінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0) қапы қалдырып кетті.
Ал словакиялық клуб екінші іріктеу кезеңінде Босния және Герцоговинаның «Зриньски» командасын (4:0, 2:2) жеңді.
Егер «Қайрат» командасының футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінен іркілмей өткен жағдайда плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтик» командасымен ойнайды.
Ал Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түскен жағдайда швейцариялық «Янг Бойз» клубымен шеберлік байқасуы мүмкін.
Енді елордалық «Астана» Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Швейцарияның «Лозанна» командасымен ойнайды.