Чемпиондар лигасы: «Қайрат» плей-офф сатысына өте ала ма
АСТАНА. KAZINFORM - Алматылық «Қайрат» бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» командасымен қарымта ойынын өткізеді.
Бұл ойын бүгін, 12 тамызда Словакия астанасы Братислава қаласында қазақстандық уақытпен 23:05-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетсек, екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Қайрат» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті. Жалғыз голды 90-минутта алматылық клубтан Дастан Сәтпаев пенальтиден соқты.
Бұл матчта Франциядан келген Бенуа Бастьенге бас төреші міндеті жүктелген. Оған отандастары Хишам Закрани мен Орельен Бертомье көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Томас Леонард.
Алматылық футболшылар бірінші және екінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0) қапы қалдырып кетті.
Ал словакиялық клуб екінші іріктеу кезеңінде Босния және Герцоговинаның «Зриньски» командасын (4:0, 2:2) жеңді.
«Слован» командасы 1919 жылы құрылған. Өз елінде 15 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Сондай-ақ 5 мәрте күміс, 6 мәрте қола жүлдегер атанды. Оған қоса 10 мәрте Словакия кубогын төбесіне көтерді.
Егер «Қайрат» командасының футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінен іркілмей өткен жағдайда плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтик» командасымен ойнайды.
Ал Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түскен жағдайда швейцариялық «Янг Бойз» клубымен шеберлік байқасуы мүмкін.