Чемпиондар лигасы: «Манчестер Сити» мен «Реал» жарысты жалғастырады
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының 1/4 финалына тағы екі жолдама «Манчестер Сити» мен «Реал Мадрид» командаларына бұйырды.

Англияның «Манчестер Сити» командасы өз алаңында Данияның «Копенгаген» командасын 3:1 есебімен сүріндірді.
Кездесу барысында қалалықтардың қатарынан Мануэль Аканджи 5, Хулиан Альварес 9, Эрлинг Холанд 45-минутта гол соқса, 29-минутта даниялық командадан Мохамед Эльюнусси жалғыз доппен жауап қайырды. Бірінші ойында да англиялық ұжым дәл осы есеппен жеңген еді.
Тағы бір кездесуде Испанияның «Реал Мадрид» клубы Германияның «Лейпцигімен» 1:1 есебімен тең түсті.
Кездесу барысында Винисиус Жуниор 65-минутта есеп ашса, 68-минутта германиялық командадан Вилли Орбан мергендік танытты. Бірінші ойын 1:0 есебімен «Реал Мадрид» клубының басымдығымен аяқталған еді.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Пари Сен-Жермен» мен «Бавария» Чемпиондар лигасының ширек финалына шықты.
Енді 12 наурызда «Арсенал» (Англия) мен «Порту» (Португалия), «Барселона» (Испания) мен «Наполи» (Италия), 13 наурызда «Боруссия Дортмунд» (Германия) пен ПСВ (Нидерланд), «Атлетико Мадрид» (Испания) пен «Интер» (Италия) келесі кезең жолдамасын сарапқа салады.
Айта кетсек, 2023 жылы Англияның «Манчестер Сити» клубы өз тарихында тұңғыш мәрте Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанған еді.