Чемпиондар лигасы: ПСЖ мен «Боруссия» клубтары жартылай финалға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Еуропа чемпиондар лигасында жартылай финалға шыққан алғашқы екі команда белгілі болды.

Футбол
Фото: pexels.com

Испанияның «Барселона» клубы Париждегі бірінші ойында ПСЖ командасын 3:2 есебімен ұтқан еді. 

Сондықтан Хави шәкірттері өз алаңында есесін жібермейтіндей көрінген. Тіпті 12-минутта бразилиялық Рафинья алаң иелерін алға шығарды. Ол алғашқы матчта қос голдың авторы атанған болатын.

Бірінші таймда 29-минутта «Барселонадан» Рональд Араухоның алаңнан қуылуы ойын нәтижесіне әсер етті деуге болады. Алдымен ПСЖ клубынан 40-минутта Усман Дембеле таразы басын теңестірді. Екінші таймда 54-минутта Витинья қонақтарды алға шығарса, содан кейін кезек Килиан Мбаппеге келді. Ол 61-минутта 11 метрлік нүктеден мүлт кетпесе, 89-минутта бәсекенің нүктесін қойды.

Осылайша, 4:1 есебімен жеңіске жеткен Луис Энрикенің шәкірттері жартылай финалға жолдама алды. 

ПСЖ жартылай финалда Германияның «Боруссия» (Дортмунд) клубымен кездеседі.

«Боруссия» тағы бір испаниялық клуб – «Атлетиконы» жолдан тайдырды. Бірінші ойында мадридтік команда 2:1 есебімен жеңіске жеткенімен, олар Дортмундта алаң иелеріне шыдас бере алмады. Бірінші таймда Юлиан Брандт пен Иан Маатсен мергендігімен көзге түсті. Екінші кезеңде Матс Хуммельс өз қақпасына гол соғып алды. Содан кейін Анхель Корреа тарахы басын теңестірді – 2:2. Алайда 71-минутта Марсель Забитцерден пас алған Никлас Фюллькруг алаң иелерін алға шығарды. Үш минуттан кейін Забитцер қажетті голды соқты. Есеп – 4:2. 

Қалған екі жолдама мәселесі 18 сәуірге қараған түні шешіледі. Өзара кездесулерде «Арсенал» (Англия) мен «Бавария» (Германия) және «Реал» (Мадрид) пен «Манчестер Сити» (Англия) мықтыны анықтайды.

Соңғы жаңалықтар