Чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» Англияда «Манчестер Ситиді» жеңді

АСТАНА. KAZINFORM - UEFA Чемпиоандар лигасы плей-офф сатысындағы алғашқы ойындар өтті. 

футбол
Фото: instagram.com/realmadrid

Жанкүйерлер жарыстың аталған сатысында Англияның «Манчестер Сити» және Испанияның «Реал Мадрид» клубтарының кездесуіне ерекше назар аударды. Әлемдік футболда көпшілік олардың ойындарына баса назар аударады.

Кездесу барысында қос команда жеңіске жетуге бар күшін салды. Ойынның алғашқы кезеңінде англиялық футболшылар көбірек шабуыл жасады. Олардың қатарынан Эрлинг Холанд 19-минутта мергендік танытса, оған Килиан Мбаппе 60-минутта бір голмен жауап қайырды.
Ал 80-минутта Эрлинг Холанд пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Одан кейін «Реал Мадрид» сапынан Браим Диас 86, Джуд Беллингем 92-минутта гол соғып, қорытынды есеп белгіленді.

Сырт алаңда азулы қарсыласынан 3:2 есебімен басым түскен испаниялық клуб жарыстың келесі сатысына өту мүмкіндігін жақсартып алды.

Сондай-ақ Францияның «Брест» командасы өз алаңында сол елдің «Пари Сен-Жермен» командасынан, португалиялық «Спортинг» Германияның «Боруссия Дортмундынан» 0:3 есебімен жеңілсе, италиялық «Ювентус» нидерландтық ПСВ ұжымынан 2:1 есебімен басым түсті.

Жарыстың аталған сатасында бүгін, 12 ақпанда «Брюгге» (Бельгия) мен «Аталанта» (Италия), «Селтик» (Шотландия) мен «Бавария» (Германия), «Фейеноорд» (Нидерланд) пен «Милан» (Италия), «Монако» (Франция) мен «Бенфика» (Португалия) кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі қарсаңында өтетін оқу-жаттығу жиынына шақырту алған ойыншылар белгілі болды.