Чемпиондар лигасы: «Семей» футзал командасы «Спортинг Лиссабонға» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінде Абай облысының «Семей» командасы алғашқы ойынын Португалияның «Спортинг Лиссабон» клубына қарсы өткізді.
Семейлік ұжым аталған турнирге өз тарихында тұңғыш мәрте қатысып отыр. Есесіне қарсыласы Чемпиондар лигасында 2018/19, 2020/21 жылдарда чемпион атанса, бес мәрте күміс жүлдегер болды.
Соған қарамастан кездесу барысында семейлік клуб алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Кайо Торрес 4-минутта мергендік танытса, 19-минутта португалиялық командадан Татиньо таразы басын теңестіріп кетті.
Екінші кезеңде «Спортинг Лиссабон» сапынан Тайнан 23, 30, 36, Паулета 25, 31-минутта гол соқса, оған «Семей» клубынан Габриель Кандидо 29, Шыңғыс Есенаманов 37, Дедезиньо 39-минутта үш голмен қайырды.
Осылайша семейлік команда қарсыласына 4:6 есебімен есе жіберді.
Енді семейлік клуб 23 қазанда алматылық «Қайрат», 25 қазанда Венгрияның «Халадаш» клубымен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, бүгін 20:00–де «Қайрат» пен «Халадаш» командалары ойнайды.