Чемпиондар лигасы: «Астана» плей-офф кезеңіне шыға ала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 14 тамызда футболдан Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» сырт алаңда Хорватияның Загреб қаласының «Динамо» командасымен қарымта ойын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Чемпиондар лигасы: «Астана» плей-офф кезеңіне шыға ала ма

Астанада өткен алғашқы кездесуде хорват футболшылары 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді.  Бұл «Астананың» жарыстың келесі кезеңіне шығу мүмкіндігін қиындата түсті. Десе де әлі бір кездесу бар. Футболда барлық жағдай бола береді. Елордалық клуб жігіттері намысқа тырысса, бұл ойында жеңіске жетуге болады. «Астананың» бас бапкері Роман Григорчук те дәл осындай пікірді көлденең тартып отыр. Ол бүгінгі кездесуде біздің жігіттері жеңіске жетуге бар күшін салатынын айтты.

Апта ішінде «Астана» ешқандай ойын өткізген жоқ. Олар ел біріншілігіндегі 22-турға қатыспады. Бұл турдағы ойынын «Астана» 23 мамырда сырт алаңда «Ақжайықпен» өткізіп, онда 0:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Апта бойы демалыс алған елордалық футболшылар енді Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде өзіне нәтижеге қол жеткізеді деген ойдамыз.

Рас, «Динамо» оңай қарсылас емес. Хорват клубы Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде бірнеше мәрте бақ сынаған. Әрине, әзірге үлкен табысқа қол жеткізе қойған жоқ. Десе де жинаған тәжірибесі аз емес. Елордада өткен кездесуде сол тәжірибесінің арқасында жеңіске жетті.

«Астана» бүгін Чемпиондар лигасындағы 28 ойынын өткізеді. Біздің жігіттер олардың арасынан 10-да жеңіске жетсе, 10 мәрте тең түсіп, 7-еуінде жеңілген екен. Оның ішінде екі мәрте ғана сырт алаңда үш ұпайды олжалап қайтты. 2017 жылдың 12 шілдесінде Латвияның Юрмала қаласының «Спартак» командасын сырт алаңда 1:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін биылғы жылдың 18 шілдесінде Черногорияда «Сутьеска» клубынан 2:0 есебімен басым түсті. Бұл жолы қалай болады? «Динамо» біздің ыңғайға көне қоя ма? Ал хорват клубының Чемпиондар лигасында өткізген ойындары «Астанадан» әлдеқайда көп. Бүгінге дейін 115 кездесу өткізген «Динамо» 48 мәрте жеңіске жетіп, 21 мәрте тең ойнаса, 46 рет қарсыласына есе жіберді. Соңғы мәрте олар 2016 жылдың 22 қарашасында аталмыш доданың топтық кезеңінде Францияның «Лион» клубынан 0:1 есебімен сүрінген еді.

«Астана» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан жағдайда Швейцарияның «Янг Бойз» клубымен кездеседі. Бұл ойындар 22 және 29 тамыз күндері өтеді.  Егер елордалық клуб аталмыш қарсыласынан жеңілсе, Еуропа лигасының плей-офф сатысына жолдама алады. Ол ойындар 23 және 30 тамыз күндері болады.

Естеріңізге сала кетелік, «Астана» алғашқы іріктеу кезеңінде өз алаңында Черногорияның «Сутьескасын» 1:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 2:0 есебімен  басым түсті. Одан кейін екінші іріктеу кезеңінде олар Данияның «Мидтьюлланд» клубын (2:1, 0:0) тізе бүктірді. 

«Астана» мен «Динамо» арасындағы кездесу бүгін, 14 тамызда сағат 00.00-де басталады. Бұл ойын «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі. 

Фото: www.fcastana.kz