Чемпиондар лигасы: «Барселона» өз алаңында қарсыласымен тең түсті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің төртінші тур ойындары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш турдағы басты ойынның бірі F тобындағы Испанияның «Барселона» және Чехияның «Славия» командалары арасында болды. Кездесу испан жерінде өткізілді. Дегенмен, испан футболшылары қарқынды ойынымен көзге түсе алған жоқ. Екі аптадай бұрын қос команда Чехияда бақ сынасқан еді. Аталмыш кездесуде «Барселона» 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Соған қарамастан, олардың ойын өрнегіне сын айтушылар аз болған жоқ.
«Славия» азулы қарсыласына бүгін де тегеурінді қарсылық таныта білді. Испандық клубтың шабуылына лайықты төтеп берді. Нәтижесінде, ойынның бірінші кезеңінде қос команданың да қақпасына гол соғылған жоқ. Ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Төрт ойыннан кейін олар сегіз ұпай жинап, өз тобында көш бастап келеді.
Енді «Барселона» екі ойын өткізеді. Алдымен, өз алаңында 27 қарашада Германияның «Боруссия Дортмунд» командасын қабылдаса, 10 желтоқсанда Италияда «Интермен» кездеседі.
Сондай-ақ, бүгін Ресейде Санкт-Петербургтің «Зенит» клубы G тобында өз алаңында Германияның «РБ Лейпциг» командасымен кездесіп, олардан 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Ойынның 45-минутында неміс клубы сапынан Диего Демме мергендік танытса, 63-минутта Марсель Забитцер есепті ұлғайта түсті. Осылайша, «Зенит» турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды. Енді олар жарысты жалғастыру үшін қалған екі ойында жеңіске жетуі қажет. Олар 27 қарашада Францияның «Лион» командасын қабылдаса, 10 желтоқсанда Португалияда «Бенфикамен» шеберлік байқасады.
Бүгін Чемпиондар лигасында E, F, G, H топтарында ойындар өткізіледі. Жанкүйерлер олардың арасынан Англияның «Ливерпуль» және Бельгияның «Генк» клубтары арасындағы кездесуге ерекше көз тігіп отырғаны белгілі. Ойындар елорда уақытымен 02.00-де басталады.