Чемпиондар лигасы: Финалға жолдама қай командаға бұйырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мамырдың 17-нен 18-не қараған түні UEFA Чемпиондар лигасы финалына шығатын екінші команда анықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Чемпиондар лигасы: Финалға жолдама қай командаға бұйырады
Ашық көздерден алынған фото

Бұл күні «Манчестер Сити» (Англия) мен «Реал Мадрид» (Испания) кездеседі.

Кездесу елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ойынға польшалық Шимон Марциняк бас төрешілік жасайды. Оған отандастары Павел Сокольницки мен Томаш Листкевич көмекшілік етеді.

Қосалқы төреші - румыниялық Иштван Ковач.

Екі команда бұған дейін он бір мәрте кездесті. Командалар төрт-төрттен жеңіске жетсе, үш кездесу тең аяқталды.

Биылғы турнирде екі команда арасындағы алғашқы кездесуде 2:2 есебі тіркелді.

Қарсыластар былтыр Чемпиондар лигасы жартылай финалында кездесті. Екі ойынның нәтижесімен «Реал Мадрид» (3:1, 3:4) финалға жолдама алған еді.

Қазірге дейін «Реал Мадрид» аталған турнирде 14 мәрте жеңімпаз атанды.

Ал «Манчестер Сити» 2021 жылы тұңғыш мәрте финалға шыққанымен, қарсыласына есе жіберіп қойды.

Еске салсақ, бұдан бұрын италиялық «Интердің» финалға жолдама алғанын хабарлаған едік.