Чемпиондар лигасы: «Қайрат» қарсыласынан есе қайтара ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» сырт алаңда Израильдің «Маккаби» (Хайфа) командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маккаби» (Хайфа) 1913 жылы құрылған. Өзінің тарихында Израильдің 13 дүркін чемпионы атанған. 2020/21 жылғы маусымда жеңімпаз тұғырынан көрінген олар бұл жетістігін тура он жылдан кейін қайталап отыр.

Аталған клуб Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде екі мәрте бақ сынаған. 2002/03 жылғы кезеңде F тобында «Манчестер Юнайтед» (Англия), «Байер» (Германия) және «Олимпиакос» (Грекия) клубтарымен жасыл алаңға шықты. Барлығы жеті ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Сол топтық кезеңде өз алаңында «Манчестер Юнайтед» командасын 3:0 есебімен тізе бүктіргенін израильдік жанкүйерлер әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ.

2009/10 жылғы кезең олар үшін сәтсіз болды. А тобында Францияның «Бордо», Германияның «Бавария» және Италияның «Ювентус» клубтарымен доп тепкен олар барлық ойында қарсыластарына есе жіберіп қойды. Осылайша ешқандай ұпай олжалай алмаған израильдік клуб өз тобында төртінші орынды місе тұтты. Тіпті, қарсыластар қақпасына гол соға алған жоқ.

Екі команда бұған дейін бір мәрте кездесті. Былтыр UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында «Қайрат» «Маккаби» (Хайфа) клубымен кездесті. Коронавирус жағдайына байланысты жеңімпаз бір кездесуден аяқталған болатын. Бұл ойында израильдік клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Еске салсақ, «Қайрат» бұдан бұрын аталған доп додасында 2005/06 жылғы кезеңде бақ сынады. Бірінші іріктеу сатысында Словакияның «Артмедиа» клубын алдымен 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін сырт алаңда қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберіп қойды. Осылайша жарыстың келесі сатысына «Артмедиа» жолдама алды.

«Қайрат» пен «Маккаби» (Хайфа) арасындағы кездесу елорда уақытымен 22.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар