Чемпиондар лигасы: Кіл мықты командалар бәсекесі

None
None
НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалының екі ойыны өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын «РБ Лейпциг» (Германия) және «Ливерпуль» (Англия) командалары арасында өткізіледі.

Кездесу елорда уақытымен 01.50-де басталып, Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетерлігі, екі команда бұған дейін Чемпиондар лигасында бір-бірімен ешқашан кездесіп көрген емес. Бұл ойын Мажарстан астанасы - Будапешт қаласындағы «Пушкаш Арена» стадионында болады.

Аталған командалар намысын қорғайтын мемлекеттер арасында коронавирус инфекциясына байланысты әуе қатынасы тоқтатылған. Қазір Еуропаның кейбір елдерінде қатерлі індетке байланысты сақтық шаралары күшейтілді.

Екі команда құрамында да жарақат алған ойыншылар бар. «РБ Лейпциг» клубынан Конрад Лаймер, Бенджамин Хенрихс, Фабрис Хартман, Эмиль Форсберг, Доминик Собослаи сынды футболшыларға бапкерлер үміт арта алмайды. «Ливерпуль» сапынан дәл осындай жағдайды Джозеф Гомес, Наби Кейта, Фабиньо, Вирджил ван Дейк, Жоэль Матип, Диогу Жота басынан кешіріп отыр.

Кездесуге словениялық Славко Винчич қазылық етеді. Оған көмекшілік қызметті Томаж Кланчник пен Андраж Ковачич атқарады.

Тағы бір ойын «Барселона» (Испания) және «Пари Сен-Жермен» командалары арасында болады. Ойын елорда уақытымен 01.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бұған дейін 11 мәрте кездесті. Оның 5-уі «Барселонаның» басымдығымен аяқталса, қалғанында қарсыласы жеңіске жетті.

Екі команда жарыстың аталған сатысында 2017 жылы жолықты. Франция астанасы - Париж қаласында 14 ақпанда өткен ойында «Пари Сен-Жермен» азулы қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірген еді. Ал 8 наурызда өз алаңында «Барселона» оларды 6:1 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Осылайша испандық футболшылар жарыстың келесі сатысына жолдама алды. Содан бері екі клубтың жолы еурокубокта түйіскен жоқ.

Бүгінгі ойынға алған жарақатына байланысты «Барселона» сапынан Ансу Фати, Серхи Роберто, Мартин Брайтвайт, Жерар Пике, Филиппе Коутиньо қатыса алмайды. Ал француз клубынан дәл осындай жағдаймен Колин Дагба, Хуан Бернат, Неймар, Марко Верратти, Анхель Ди Мария, Рафинья жасыл алаңға шығудан тыс қалды.

Ойынға нидерландылық Бьорн Куйперс қазылық етеді. Ал оған көмекші қызметіне сол елден келген Сандер ван Рукел мен Эрвин Зейнстра бекітілген.

Бұл жұптар бойынша қарымта кездесу 10 наурызға белгіленген. Жеңімпаз жарыстың келесі сатысына шығады.

Финалдық ойын 29 мамырда Түркияның Ыстанбұл қаласындағы «Atatürk Olympic Stadium» арнеасында болады.


Соңғы жаңалықтар