Чемпиондар лигасы: «Манчестер Сити» «Лионға» жол берді
Ширек финалдағы соңғы кездесуді Англияның «Манчестер Сити» және Францияның «Лион» командалары өткізді. Ойында жанкүйерлер ағылшын клубы басым түседі деген болжам айтқан еді. Дегенмен ойын барысы басқаша өрбіді.
Алдымен «Лион» командасы есеп ашты. Ойынның 24-минутында Максвелл Карне «Манчестер Сити» қақпасынан саңылау тапты. Одан кейін бірінші кезеңде есеп өзгерген жоқ.
Екінші кезеңде ағылшын футболшылары ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде 69-минутта «Манчестер Сити» сапынан Кевин Де Брёйне таразы басын теңестірді. Десе де олар 79-минутта олар тағы бір қателік жіберді. Бұл сәтте «Лион» ойыншысы Мусса Дембеле қақпаны дәл көздеді. Ал 87-минутта ол өзінің екінші голын соқты. Кездесуде «Лион» 3:1 есебімен басым түсті.
Бұдан бұрын жартылай финалға Германияның «Лейпциг» және «Бавария», Францияның «Пари Сен-Жермен» командалары шыққан болатын.
Енді жартылай финал 18-19, ал финал 23 тамыз күндері өткізіледі. Жартылай финалда 18 тамызда «Лейпциг» және «Пари Сен-Жермен», 19 тамызда «Бавария» және «Лион» командалары кездеседі.