17:07, 25 Ақпан 2022 | GMT +5
Чемпиондар лигасының финалдық матчы Санкт-Петербургте емес, Парижде өтетін болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропа футбол қауымдастығы одағы (УЕФА) 2021-2022 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалдық матчын Санкт-Петербургтен Парижге ауыстыру жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

УЕФА мәлім еткендей, бас еурокубоктың шешуші ойыны 28 мамыр, сенбі күні «Стад де Франс» стадионында өтеді.
УЕФА-ның атқарушы комитеті кезектен тыс отырысында Еуропадағы жағдайдың күрделенуіне байланысты осындай шешімге келген.
Футбол қауымдастығы түсіністік пен қолдау танытқаны үшін Франция президенті Эммануэль Макронға алғысын білдірді.
Сонымен қатар УЕФА аясында Ресей мен Украина аумағында өтуі тиіс барлық клубтар мен құрамалардың ойындары бейтарап алаңға ауыстырылатын болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Чемпиондар лигасында «Манчестер Юнайтедтің» алғашқы кездесуінде тең түскенін жазған болатынбыз.