Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Чемпион болуды арман емес, мақсат деп қабылдау керек – Алмат Кебіспаев

АСТАНА. KAZINFORM — Грек-рим күресінен бес дүркін әлем чемпионатының жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері Алмат Кебіспаев жас балуандарға жетістікке жету үшін өзіне сеніп, жүйелі дайындалу маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол ұлттық құрамадағы іріктеу жүйесі, жас спортшыларға мүмкіндік беру, шетелдегі оқу-жаттығу жиындары және елдегі спорт инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне тоқталды.

 Алмат Кебіспаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Алмат Кебіспаев бұл туралы елордада спорт апталығы аясында Ботаникалық бақта өткен «10 000 қадам» акциясы барысында Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның пікірінше, мұндай шаралар халықты спортқа тартумен қатар, жастарға жаңа мақсат қоюға мүмкіндік береді.


— Осындай шаралар, ең біріншіден, мереке ғой. Барлығымыз бас қосып, спорт арқылы бірігіп, қазір қадам жасап жатырмыз. Күнделікті бір айналымда жүре бергеннен гөрі, осындай шаралар ұйымдастырылса, адамды шабыттандырады, жаңа белестерге қадам басуға жетелейді, — деді Алмат Кебіспаев.

Қазір басшылық қызмет атқарып жүрген балуан күрестен алыстамағанын айтты. Ол уақыт тауып спортшылардың дайындығын бақылап, залдағы жұмысты да жалғастырып жүргенін жеткізді.

— Біз күрестен қатты алыстап кеткен жоқпыз, арасында өзіміз де жаттығамыз. Уақыт тауып спортшылардың дайындығына қарап қоямыз. Негізгі жұмысымыз қызмет. Бірақ таңертеңнен кешке дейін кабинетте отыра бергеннен жұмыс көп бітпейді. Залды аралап, барлығын үйлестіруге тырысамыз. Күреспен өміріміз тікелей байланысып кетті. Қайда жүрсек те, қай елге немесе қай салаға барсақ та, күрес жадымызда. Түбінде бапкерлікке қайта келсек те таң қалмаңыздар, — деді ол.

Бес дүркін әлем чемпионатының жүлдегері жас балуандар арасында ұлттық құрамаға еніп, ірі халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алып жатқан спортшылар бар екенін айтты. Оның айтуынша, өзі бапкерлік қызмет атқарған кезеңде 2005-2008 жылдары туған балуандармен жұмыс істеген.

— 2005-2008 жылғы балаларды жаттықтырдық. Қазір сол алғашқы жылғылардың, мысалы, 2005 жылы туған балуандардың ұлттық құрамаға еніп, әлем чемпионатына баруға мүмкіндігі болып жатыр. Әзірге нақты кім баратыны белгісіз. Алда Германияда өтетін турнирлер бар. Сол жарыстардағы нәтижелерге қарап, өзін жақсы көрсеткен балуандарды апарады деп ойлаймын, — деді ол.

Спортшының пікірінше, ұлттық құрамаға іріктеу кезінде ашықтыққа басымдық берген жөн. Ол спортшыны жарысқа аз уақыт қалғанда анықтаудың орнына, алдын ала іріктеп, ұзақ мерзімді жоспар бойынша дайындау қажет екенін айтты.

Алмат Кебіспаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Алдын ала іріктеу жасалып, сол балалармен тыңғылықты дайындалған дұрыс. Жақын арада дайындық жасау қиын. Жоспар бойынша кем дегенде алты ай жұмыс істеу керек. Бірақ бұл жерде бір баламен ғана жүрмейді. Бас бапкерлердің өз көзқарасы бар, бір салмақта екі-үш баланы қарастыруы мүмкін. Солардың арасынан кім баратыны шешіледі, — деді спортшы.

Алмат Кебіспаев бір ғана жарыстың нәтижесіне қарап балуанға баға беру дұрыс емес деп санайды. Оның айтуынша, маусым бойы тұрақты түрде сыналып, бірнеше жарыста өзін көрсеткен спортшыға басымдық берген тиімді.

— Бір жарысты кездейсоқ жеңіп алуы мүмкін немесе маңызды жарыста жарақат алып қалуы мүмкін. Сондықтан бүкіл маусым бойы өзін көрсеткен балуанды бағалау керек. Арнайы тұрақты бірнеше жарыс ұйымдастырып, сол жерде өзін көрсеткен спортшыларды іріктеуге болады. Бірақ елімізде мұндай бекітілген жарыстар аз болғандықтан, бас бапкерлер халықаралық турнирлер арқылы іріктеп жүр, — деді ол.

Сонымен қатар Алмат Кебіспаев қазіргі спорттағы басты талаптардың бірі жаттығу процесін ғылыми және медициналық тұрғыда бақылау екенін атап өтті. Оның айтуынша, спортшының жасы мен физикалық жағдайына қарай жүктеме көлемі өзгеріп, жаттығу процесі жарыс күнтізбесіне сәйкес кезең-кезеңімен жоспарлануы керек. Бұл ретте спортшының қалпына келуіне жеткілікті уақыт бөлініп, жүктеме нақты көрсеткіштерге сүйеніп реттелуі тиіс.

— Әр жас кезеңінде дайындық барысында өзгеріс болуы мүмкін. Қалпына келу, жүктемені көтеру мүмкіндігі мұның бәрі медициналық тұрғыда бақылаумен жасалуы керек. Примитивті түрде жаттыға беруге болмайды. Біз кейде өз сезімімізге қарап жаттығамыз. Олай болмауы керек. Цифр бәрін көрсетеді. Сондықтан цифрға қарау керек. Бұл ғылыми тәсіл. Жарысқа қанша ай, қанша күн қалғанын есептеу керек. Қай кезде максималды жүктеме алу қажет екенін білу маңызды. Ерте бастап қойсаң, жарақатқа әкелуі мүмкін. Тым кеш бастасаң, қалпына келуге уақыт болмайды. Мұның бәрін есептеу керек. Медицина деген тек витамин емес. Медицина — осының барлығы, яғни ғылым, — деді Алмат Кебіспаев.

Сұхбат барысында ол қазіргі буынға қажетті жағдайдың көпшілігі жасалғанын атап өтті. Сондықтан балуанның нәтижесіне тек сыртқы жағдай емес, оның өзіне деген жауапкершілігі де әсер етеді.

Алмат Кебіспаев
Фото: Алмат Кебіспаевтың жеке архивінен

— Әр заманның өзінің жақсы және кемшілік тұстары бар. Сондықтан өз заманымды жамандауға болмайды. Ол кездері де айтарлықтай жетістікке жеттік. Қазір барлығы бар, тек сылтау айтпай жұмыс жасау керек. Не іздесең, соны көресің. Мүмкіндік іздесең, мүмкіндік табасың. Ал сылтау іздесең, қанша жерден жағдай жасаса да қанағаттанбайсың, — деді ол.

Ол жас балуандарға өз мүмкіндігіне күмән келтірмеуге кеңес берді. Спортшының сөзінше, әлем немесе Олимпиада чемпионы болу қол жетпейтін арман ретінде емес, нақты мақсат ретінде қабылдануы керек.

— Ешқашан күмәнданбау керек. Сенім болуы тиіс. Әлем чемпионы немесе Олимпиада чемпионы болуды арман сияқты емес, шынайы мақсат ретінде қарау керек. Өйткені барлығының қолынан келеді. Біз кейде жетістікті мүмкін емес нәрсе сияқты қабылдаймыз. Бірақ халықаралық жарыстарда Олимпиада, әлем чемпионаттарында жеңген балуандарды біздің спортшылар жеңіп жүр. Тек өзіне шамадан тыс жүк артып қоюға болмайды. Жеңіл қарау керек. Нақты жоспар қойып, тыңғылықты дайындалу керек. Бабың келіп тұрса, 20 жаста да, 30 жаста да, тіпті шамаң жетіп, бабында болсаң, 40 жаста да үлкен жетістікке жетуге болады, — деді спортшы.

Балуан 77 келі салмақтағы бәсекелестікке де тоқталды. Оның айтуынша, Демеу Жадыраев Қазақстан кубогында өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдегенімен, Олимпиадаға дейін ішкі бәсекелестік сақталуы керек.

— Қазір соңғы Қазақстан кубогында Демеу өз мықтылығын дәлелдеді. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар. Сондықтан босауға болмайды. Керісінше, соңына дейін бәсекелестікті жалғастыру керек. Демеу сол бәсекелестіктің арқасында чемпион болуына да себепші болады. Демеу бармаған жағдайда да басқа балалар дайын тұруы керек. Бір балаға ғана қарап жоспар құруға болмайды. Әрқашан резервте дайын спортшылар болуы қажет, — деді балуан.

 

Алмат Кебіспаев күресті дамыту жұмыстары өңірлерде де жалғасып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, спорттық инфрақұрылымның қолжетімді болуы балаларды спортқа тартуға мүмкіндік береді. Бұқаралық спорт пен кәсіби спорттың өзара тығыз байланысты екенін атап өтті.


— Бұқаралық спорттан кәсіби спортшы шығады. Өйткені чемпиондар көпшіліктің арасынан шығады. Сондықтан салауатты ұлт, салауатты қоғам қалыптастырсақ, халық арасынан мықты спортшыларымыз бен чемпиондарымыз да шыға береді, — деп түйіндеді Алмат Кебіспаев.

Еске сала кетейік, Алмат Кебіспаев неге жас балуандарға жол бермей жүргенін жазғанбыз.

Кілемге қайта оралған Алмат Кебіспаев спартакиада чемпионы атанған еді.