Чемпиондар лигасы: «Бавария» мен «Реал Мадрид» тең түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы алғашқы ойын нәтижесі белгілі болды.

футбол
Фото: Pixabay

Бұл кездесуде «Бавария» (Германия) мен «Реал Мадрид» (Испания) командалары шеберлік байқасты.

Алғашқы минуттан германиялық команда тізгінді өз қолын алуға тырысты. Қос қанаттан алма-кезек шабуыл ұйымдастырды. Оған испаниялық команда қорғаушылары тойтарыс беріп жатты. Ендігі бір сәтте «Бавария» футболшылары көздеген нысанадан мүлт кетті.

Есесіне олар өз қақпасына гол жіберіп алды. Ойынның 24-минутында «Реал Мадрид» шабуылшысы Винисиус Жуниор өз мүмкіндігін құр жіберген жоқ. Осылайша испаниялық команда алға шығып, ойын барысы шиеленісе түсті.

Екінші кезеңді «Бавария» белсенді бастады. Нәтижесінде Лерой Сане 53-минутта таразы басын теңестірсе, Гарри Кейн 57-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Ал 83-минутта «Бавария» қақпасына белгіленген пенальтиді Винисиус Жуниор шебер орындады.

Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Екі команда арасындағы қарымта кездесу 8 мамырға белгіленген.

Айта кетсек, 1 мамырда жартылай финалдағы тағы бір кездесуде «Боруссия Дортмунд» (Германия) мен «Пари Сен-Жермен» (Франция) шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар