15:35, 07 Наурыз 2025 | GMT +5
Черногориядағы турнирде 9 бұрымды боксшымыз жартылай финалда сынға түседі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Черногорияның Будва қаласында бокстан әйелдер арасында халықаралық «Адрия інжуі» турнирінің жартылай финалы өтеді.

Мамандар арасында аталған турнир жастар әлем кубогы мәртебесін иеленген. Оған дүниежүзінің көптеген елінен былғары қолғап шеберлері келеді.
Жартылай финалда еліміздің атынан тоғыз боксшы сынға түседі. Олардың қатарында Рахмина Абдумежитова (52 келі), Ақнұр Тұрсынғали (57 келі), Регина Тибенова (57 келі), Толғанай Қасымхан (60 келі), Алина Құдайгенова (63 келі), Айсұлу Мұхит (66 келі), Ақбота Есімбекова (66 келі), Мария Сидоренко (70 келі), Сабина Жақсылық (80 келіден жоғары) бар.
Аға бапкер Жангелді Ахметов 3-9 наурыз аралығында өтіп жатқан бәсекеге 11 салмақта 14 боксшыға сенім артқан еді.