Чикагодағы Qazaq center ұйымы су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмектеспек

гуманитарлық көмек
Фото: Qazaq center

АСТАНА. KAZINFORM – Чикагодағы Qazaq center ұйымы да елге көмек ретінде Gofundme платформасы арқылы қаржылай көмек жинайтынын хабарлады.  

Жиналған қаражаттың 100 пайызы Қазақстанның зардап шеккен аймақтарында жұмыс істеп тұрған, тексерілген ұйымдарға тікелей аударылады. Олар мұқтаж жандарға қол жеткізу үшін өте қиын жағдайда тәулік бойы жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның бірнеше аймағында ірі су тасқыны болып жатыр. Көптеген отбасылардың үйі суға кетті немесе қарғын судың салдарынан тұруға жарамсыз болып қалды. Олар енді уақытша баспанадан пана іздеуге мәжбүр. Жағдай өте қиын, шұғыл көмек қажет» — деп жазды Чикагодағы Қазақ Қауымдастығының Орталығы әлеуметтік желідегі парақшасына. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық мақсатында жиналған қаражат төмендегі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге көмектеседі:

— Мұқтаж отбасыларға шұғыл тұрғын үй, азық-түлік, таза су және медициналық көмек
— Барлығын жоғалтқандар үшін көрпе, гигиеналық жиынтық, нәресте керек-жарақтары және т. б.
— Су тасқыны басылғаннан кейін отбасыларға үйлері мен өмірін қалпына келтіру үшін ұзақ мерзімді көмек.

«Өз үлесіңізді қосып, осы науқанды мүмкіндігінше желілеріңіз арқылы таратыңыз. Осы алапат су тасқынынан шығу үшін Қазақстан халқы біздің көмегімізге өте мұқтаж. Осы қиын кезеңде мейірімділік пен жанашырлық танытқаныңыз үшін рахмет», - деп жазды Qazaq center ұйымы.

Соңғы жаңалықтар