Чикунгунья вирусы әлемге таралып жатыр – ДДҰ дабыл қақты
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Чикунгунья вирусының таралуына байланысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Reuters.

Ұйымның бағалауынша, бұл вирус жұғуы мүмкін 119 елде шамамен 5,6 миллиард адам өмір сүреді.
— Бұл эпидемия 20 жыл бұрын жаһандық деңгейге жетті. Қазір вирустың өршуі Еуропа мен басқа құрлықтарға да таралды. 2025 жылдың басынан бері аурудың жаңа толқыны байқалып отыр. Ең көп жағдай Үнді мұхиты аралдарында тіркелді, — делінген ДДҰ мәлімдемесінде.
ДДҰ өкілі Диана Рохас Альварестің айтуынша, қазіргі уақытта вирус Мадагаскар, Сомали, Кения, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде кеңінен таралып жатыр.
Францияда үш айға жетпейтін уақыт ішінде шетелден келген 800-ге жуық адамнан вирус анықталды. Жақында Италияда да алғашқы жағдай тіркелді.
Мамандар бұл вирусты масалар таратады және ол дене қызуының жоғарылауына, буындардың ауырсынуына, тіпті ұзақ мерзімді еңбекке жарамсыздыққа әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
Айта кетейік, бұған дейін Чикунгунья безгегінің өршуі Қытайдың оңтүстігінде де тіркелген.