Чили шахтасындағы апат: барлық жұмысшы мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM — Чилидегі Эль-Теньенте мыс шахтасында болған опырылу салдарынан үйінді астында қалған бес жұмысшының барлығы қаза тапты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Қайғылы оқиға туралы жексенбі күні Codelco тау-кен компаниясы ресми түрде мәлімдеді. Жалпы алғанда, шахтадағы апаттан алты адам көз жұмды. Олардың бірі апат болған сәтте — бейсенбі күні кешке бірден қаза тапса, қалған бес адамның денесі 70 сағаттан кейін табылды.
Шахтадағы опырылу Чили тарихындағы ең күшті сейсмикалық дүмпулердің бірімен байланысты. Жер сілкінісі Эль-Теньенте шахтасына елеулі зақым келтірген.
Чили президенті Габриэль Борич елде үш күндік ұлттық аза тұту күнін жариялады.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, үйінді астында қалған ер адамдардың жастары 29 бен 34 жас аралығында болған. Олар жер қазу жұмыстарына маманданған Gardilcic компаниясында жұмыс істеген.
Құтқару операциясы жұма күні кешке, афтершоктар тоқтағаннан кейін басталды. Алғашқы жұмысшы сенбі күні, қалған төртеуі жексенбіде табылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 100-ге жуық адам жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Чилиде Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі туралы дабыл жарияланған болатын.