ChinaNews: Тоқаев Қытайға әл-Фараби мүсінін неліктен сыйға тартты

қытай
Фото: akorda.kz

Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралы – ChinaNews Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжің Тіл және Мәдениет университетіне сапары мен Қазақстан атынан университетке әл-Фараби мүсінін тарту еткені туралы мақала жариялады, деп хабарлайды Kazinform

Мақалада әл-Фарабидің өмір жолы жан-жақты таныстырылып, ғұламаның Қазақстанда туып-өскені, ислам философиясын тудырғаны, адамзаттың Аристотельден кейінгі «екінші ұстазы» ретінде дүние жүзі мақтаған атақты ойшыл екендігіне тоқталады. Сондай-ақ, Шығыс пен Батыс тоғысқан Орталық Азияда өмір сүргені, сондықтан оның ойлары елдер мәдениеттерінің мәнін жоғары деңгейде біріктіретіні және түрлі еңбектерінде де көрініс тапқаны атап көрсетілген.

«Әл-Фараби – Шығыс пен Батыс өркениеттері арасындағы өзара білім мен ықпал етудің типтік үлгісі, оның қазақтардың жүрегінде өте жоғары мәртебеге ие екені даусыз, - деп жазды ChinaNews. - Сондықтан, Тоқаев Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне ерекше мән беруді көздеп, әл-Фараби мүсінін Қытайға беруді жөн көрді. Қазақстанның сыртқы әлеммен, соның ішінде Қытаймен тығыз мәдени байланысы бар екенін және басқа өркениеттерден үйренуге дайын екенін білдіргісі келеді».

Сондай-ақ мақалада Қазақстан сыйға тартқан әл-Фараби мүсінінің қарсысында Қытай ойшылы Конфуцийдің мүсіні тұрғаны айтылған. Әл-Фараби мүсіні ашылған күні Бейжің Тіл және Мәдениет университетінде «Қазақстанды зерттеу орталығы» да ресми түрде құрылды. Мекеме міндеті - Қазақстанның тарихы, мәдениеті, білімі, саясаты және басқа да аспектілері бойынша зерттеулер жүргізу және Қытай мен Қазақстан арасындағы достық ынтымақтастықты ілгерілету.

«Бұл тарих пен кеңістіктегі адамзат өркениеттері арасындағы диалогті білдіріп қана қоймай, Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік достықтың символына айналады», - деп жазды ChinaNews.

Сондай-ақ мақалада Тоқаевтың бір кездері Бейжің тіл және мәдениет университетінде оқығаны, мектепке барған сапарында оның бұрынғы ұстазымен де кездесіп, VIP кітабына қытайша жазу жазғаны туралы айтылған. Бұл «мәдени дипломатияның» бір түрі және Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының жан-жақты дамуының, екі ел арасындағы тығыз мәдени алмасудың көрінісі деп саналатыны жазылған.

«Бейжіңде орнатылған әл-Фараби мүсіні Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының алтын 30 жылының даңқымен жазылғаны сөзсіз», - деп жазды ChinaNews.

әл-фараби
Фото: akorda.kz

 

Соңғы жаңалықтар