CҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 142 шетелдік жауапкершілікке тартылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Мигрант» жедел-алдын алу іс шарасы өтіп жатыр. Төрт күннің ішінде 142 шетелдік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

CҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 142 шетелдік жауапкершілікке тартылды

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Өзбекстанның бес азаматы еңбек етуге құқықтары болмаса да Петропавлдағы құрылыстардың бірінде жұмыс істеген. Барлығы 1 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасына тартылды. Оларды заңсыз жұмысқа тартқан бригадир «Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту» бабы бойынша айыппұл төледі.

Жалпы облыста 4 күн ішінде өзге мемлекеттердің азаматтарын жұмысқа заңсыз тартудың 12 фактісі анықталды. Облыста рұқсатсыз 48 шетелдік жұмыс істеген.

«Маусымның 7-сі мен 16-сы аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Осы операцияның төрт күні ішінде шетел азаматтарына қатысты көші-қон заңнамасын бұзудың 142 фактісі анықталды. Бұған дейін Қазақстанда шетелдіктерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға мораторий болған еді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді, шетелдіктердің құқықтық мәртебелерін реттеуге уақыттары жеткілікті болды», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Полицейлер анықтаған заңбұзушылықтардың басым бөлігі – заңсыз жұмысқа тұру, шақырылған шетелдіктердің Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзу.

Сондай-ақ, тәртіп сақшыларының айтуынша, кей отандастарымыз шетелге тұрақты тұруға жиналған кезде Қазақстан азаматтығынан шығуды ұмытады. Жауапкершілікке тартылмас үшін ҚР тыс жерге тұрақты тұруға шығу туралы өтінішпен көші-қон қызметіне жүгіну қажет. Қызметкерлер заңнама талаптарын егжей-тегжейлі түсіндіріп береді.