«Coca-Cola Белестері» арманыңа жеткізеді

Оңалгүл Доңғалова Шымкенттегі «Восход» тігін фабрикасында жұмыс істеді. Тұрмысқа шыққан соң сүйікті жарына ілесіп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шақпақ Ата ауылынан бір-ақ шықты. Мамандығы бойынша ауылда жұмыс табылмады. Ұзақ жылдар бойы отбасы тірлігімен айналысты. Төрт бала тәрбиелеп, отағасының жағдайын жасады. Қам-қарекеті үй шаруасынан аспады. Алайда «жидек өсірсем қайтеді» деген ой көкейінен кетпей қойды. Дос-жаран бұл әйелдің керемет еңбекқорлығына таңғалатын. Шағын бақшасын жайнатып, өнімді көл-көсір ғып жинайтын қабілетіне жұрт сүйсінетін.
«Coca-Cola Белестері» байқауы жайында Оңалгүлге балалары айтты. Олар әкесімен бірге анасын өтініш беруге көндірді. Үйдегілердің өзіне деген сенімін көрген соң Оңалгүл келісті. Ұйымдастырушылар жеңіске жеткенін айтқанға дейін көңілі күпті боп жүрді. «Бизнес-жоспарды бұдан да жақсырақ дайындау керек еді» деп алаңдады. Әділқазылар алқасы жидек өсіруге арналған жобаны мақұлдап, Оңалгүл Доңғалова көптен күткен грантқа да қол жеткізді.
- Қазір мен таңқурайдың түр-түрін өсіремін. Бізде жидектің қызыл, сары түстісі бар. «Ғажайып қызғылт» сорты да өседі, - дейді Оңалгүл. - Біздің өнім тұтынушылардың жоғары сұранысына ие. Сатып алушылар тіпті көрші қалалардан келеді.
Оңайгүлдің жоспары орасан. Ол жер телімін 6 гектарға дейін кеңейтіп, өнім өсіруде жасыл технологияларды пайдалануды көздеп отыр. Оңалгүл алдағы кезде экологиялық таза өнімнің түрін көбейтіп, тек таңқурай ғана емес, құлпынай, бүлдірген және итбүлдірген өсіруді қолға алмақшы.
- «Coca-Cola Белестері» жобасы Coca-Cola компаниясының әйелдерге экономикалық көмек көрсетуге арналған ауқымды бағдарламасының ажырамас бөлігі болып табылады. Біз 2020 жылға қарай бүкіл дүниежүзінде 5 миллион қыз-келіншектің жағдайын жақсартуға ықпал ету міндетін қойдық,- дейді Coca-Cola компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Камран Искандеров. - Бұл байқау жеке кәсібін ашқысы келетін қазақстандық әйелдер үшін тамаша қадам болады деп үміттенеміз.