«Coco&Janbo», «Қарғыс. Іштегі зұлымдық» - аптаның кинопремьералары

Қыркүйектің соңғы аптасында қазақстандық көрермен үшін бірнеше бірегей фильм прокатқа шығады. Кинотетарларда Әділхан Ержанов, Ернар Нұрғалиев, Мерей Маханов, Гарет Эдвардс, Вуди Аллен және Бишал Дутта сияқты белді режиссерлердің туындылары көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

кино
Фото: ҚазАқпарат

«Адемоканы оқыту» - «Черный черный человек», «Ласковое безразличиче мира», «Ұлболсын» және «Голиаф» фильмдерінің режиссер Әділхан Ержановтың туындысы.

Фильмде Тәжікстаннан Қазақстанға заңсыз шекара асып келген келген сыған мигранттың оқиғасы баяндалады. 15 жасар қыз өз қауымында күнделікті кәсіпке айналған қайыр тілеуден бас тартып, тағдырға қарсы тұрады. Адемока ақылды әрі талантты. Ол орта білім алып, университетке түсуді армандайды. Білімге талпынған оған жергілікті мектептің әдебиет пәні мұғалімі Ахаб Мақымбет және фильмнің басқа да кейіпкерлері көмектеседі. Кинокартина түрлі образдар мен мағынаға толы, ал сюжет желісі қазіргі қоғамның басты мәселелерін көрсетуге бағытталған.

Басты рөлдерде: Әдемі Ержанова, Данияр Алшинов, Болат Қалымбетов, Әсел Сәдуақасова, Санжар Мәди және Кәрім Қадырбаев.

«Coco&Janbo» – «Хотя бы кинода 2», «Жаным, ты не поверишь!» және «Брат или брак» сияқты фильмдердің режиссері Ернар Нұрғалиевтің картинасы.

Жанболат түрмеден бостандыққа шыға салып, бұрынғы қателіктерін қайталай бастайды. Ол ұрылар әлемінің заңы бойынша өмір сүреді. Кезекті қылмыстық істі жасау барысында Жанболат жас суретшімен танысады. Артынан басты кейіпкер қызға сурет көрмесін ұйымдастыруға көмектеседі. Тиісінше Жанболат өнер әлеміне ене бастайды.

Рөлдерді Жанболат Найзабеков, Салтанат Серкебаева, Әсел Ақбар, Әділжан Шомбалов және Асхат Үрпеков сомдаған.

«Белгісіз батырлар» - Мерей Маханов түсірген тарихи стильдегі комедия. Бұл режиссердің алғашқы үлкен картинасы.

Фильмнің сюжеті қазақ тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі Аңырақай шайқасы төңірегінде өрбиді. Басты кейіпкерлер мен олардың шытырман оқиғалары толық ойдан шығарылған. Басты рөлдерде: Рамазан Амантай, Айнұр Ілиясова, Нұрдәулет Шертім, Индира Сабирова, Әділжан Шомбалов, Құмар Лұқманов және Мақсат Мамраимов.

«Күшіктер қарауылы: Мегафильм» (Щенячий патруль: Мегафильм) - «Үй жануарларының құпия өмірі», «Миниондар», «Ұсқынсыз мен» және өзге де танымал фильмдердің режиссері Каллан Брункердің туындысы.

Ержүрек күшіктер бүгінде балалардың сүйікті кейіпкерлеріне айналып үлгерді. Жаңа фильмде патруль мүшелерінің ерекше күшке ие болған сәті баяндалады. Олар Хандингер мэрін жеңіп, әділдік орнатуы керек.

«Жаратушы» (Создатель) – бұл режиссер Гарет Эдвардстың фантастикалық экшн-фильмі.
Басты кейіпкер Джошуа адамзат пен жасанды интеллект арасындағы текетіреске түседі. Болашақ — зұлымдыққа толы, онымен күрес жолында әйелінен айырылады. Дегенмен Джошуа адамзатты құтқару үшін жасырын қару мен жасанды интеллектіні жоюы тиіс.
Рөлдерде: Джон Дэвид Вашингтон, Джемма Чан, Эллисон Дженни, Кан Ватанабе және басқалар.

«Ұлы ирония» («Великая ирония») - атақты режиссер Вуди Алленнің романтикалық комедиясы.
Басты кейіпкер Фаннидің образы - қалыпты өмір сүріп жатқан Париж тұрғыны. Дегенмен оның өз өміріне көңілі толмайтын сәттері болып тұрады. Ол күндердің бір күні Париж көшелерінде кездейсоқ сыныптасымен жолығып қалады. Ортақ естеліктер оларды бір-біріне жақындастырып, арада махаббат сезімі оянады. Осы оқиғалардың арқасында Фанни күйеуімен өмірін қайта ой таразысына салып, бақыттың кілтін табу үшін не қажет екенін түсінеді.
Рөлдерде: Лу де Лааж, Валери Лемерсье, Мельвилл Пупо, Нильс Шнайдер, Грегори Гадебуа, Гийом де Тонкедек және басқалар.

«Қарғыс. Іштегі зұлымдық» («Заклятие. Зло внутри») - режиссер Бишал Дуттың қорқыныш, үрей бағытында түсірген фильмі.

Сэм досының өзгергенін байқай бастайды. Жолдасы өзін өзге жаратылыс иелері аңдып жүргенін айтады. Артынша досы жоғалып кетеді. Оны іздеу жолында Сэм тылсым дүниелерге жолығады. Сонымен қатар досының ішіне енген зұлым күштің неліктен сыртқа шықпағанын анықтауы тиіс.
Фильмде рөлдерді Меган Сури, Ниру Баджва, Мохана Кришнан, Бетти Гэбриел, Вик Сахай, Гейдж Марш сомдайды.

Соңғы жаңалықтар