Comic Con Astana–2025 көрмесіне 150-ден астам қазақстандық автор өз жұмысын ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM - 9-12 шілде аралығында Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет конвенциясы Comic Con Astana-2025 өтеді.

Фестивальде комикстер мен манга авторлары, иллюстраторлар, дәстүрлі техникада және цифрлық кескіндеме жанрында жұмыс істейтін суретшілер, қолөнершілер мен бейнеойын дизайнерлері өздерінің түпнұсқа жұмыстарын ұсынады. Төрт күн бойы келушілер авторлық жобалармен таныса алады, тауарлық және қолдан жасалған бұйымдарды сатып алады, сонымен қатар қолөнершілердің өздерімен байланыса алады.
Шара аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам қатысушы «Авторлар аллеясында» бас қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Авторлар аллеясы» - жыл сайын Қазақстанның шығармашылық индустриясының үздік өкілдерін жинайтын фестивальдің негізгі орындарының бірі. Дәстүр бойынша мұнда белгілі иллюстратор, «Ұятменнің» және атақты «апашканы» жасаушы Мұрат Ділмановтың туындылары қойылады.
- Осы жылы мен өз иллюстрацияларымды және бұйымдарымды әртүрлі формада – баспа, ашық хат, стикер түрінде ұсындым. Бірақ мен үшін ең бастысы – шығармаларыма салған пішін емес, мағынасы, хабары. Мен этникалық мотивтер мен заманауилықты біріктіретін стильді таңдадым. Бұл жай ғана көрнекілік емес – оның астарында идея, оқиға жатыр. Мен бұл бағытта жұмысты этникалық музыка негізгі ағымға айналмай тұрып-ақ, қазіргі қазақ ренессансынан бұрын бастадым, - деді Мұрат Ділманов.

Оның айтуынша, этникалық стильге деген қызығушылықтың артуы - оң үрдіс.
— Бүгінде этникалық стиль бұқаралық сипат алып барады, мен бұны дұрыс деп есептеймін. Ақырында біз өзімізге қарап, басқаларға еліктеуді доғардық. Бұл – маңызды қадам. Уақыт өте келе сан сапаға айналатынына сенімдімін, — дейді ол.
Ол суретшінің өз стилін қалыптастыруы - шешім ғана емес, терең талдаудың нәтижесі екенін айтты.
- Стиль дегеніңіз тек көрнекі шешімдердің жиынтығы емес. Бұл өзің көрерменге жеткізгің келетін нәрсені терең талдаудың нәтижесі. Ол өзің туралы әңгіме десе болады. Мен үшін бұл қазақ мәдениетін замануи өнер арқылы жеткізу,- деді Мұрат Ділманов.
Ұлттық бірегейлікті бейнелеудің маңыздылығын айта келе, ол:
- Біздің ауызекі шығармашылығымыз бұрыннан күшті еді, ал қолданбалы өнерде есептемегенде бейнелеу тілі болмаған десе де болады. Мен сурет, бейнелеу образдары арқылы өзіміз туралы айта алсақ деген ойдамын. Мен өзіміздің бірегейлігімізді сақтай отырып, әлемнің бөлшегі болсақ деген ниеттемін. Басқаша айтсақ, бізге жаһандық мәдени ағымға араласа отырып, қазақ болып қалу керек,-деді.
Авторлар аллеясының қатысушыларының қатарында «Біз суперқаһарман емеспіз» және «Басқа Мақта қыз» комикстерінің авторы Әлібек Қожагелдиев, malikatakira туралы мистикалық комикстердің авторы, Miloras жанкүйерлері арасында танымал суретшілер Oleg Tsoy, Nevica_sipa және басқалары бар.
Бұған дейін Астанада ауқымды Comic Con фестивалі басталғанын жазған болатынбыз.