«Crown Батыс» ЖШС жыл соңына дейін Мәскеуге 330 тонна ет экспорттамақ

АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - «Crown Батыс» ЖШС жыл соңына дейін Мәскеуге 330 тонна ет экспорттамақ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
None
None

«Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік іске асырылған кезде қазақстандық тауар өндірушілер қиын жағдайға түседі деген әңгіме жүр. Біздің бизнесмендер «солай болады екен-ау», деп қарап отырған жоқ. Мәселен, қазір «Crown Батыс» мал бордақылау мекемесі Ресейдің Мәскеу қаласына өзінің арнайы брендімен салқындатылған ет шығарып отыр. Биыл 70 тонна, жылдың аяғына дейін қосымша 330 тонна шығарады», - деді ол.

Сонымен қатар өңір басшысының атап өтуінше, «Жайық ет» кәсіпорынының ет кобинаты, 12 мың бас шошқа өсіретін кешені бар. Кәсіпорын өз өнімдерін Ресейдің Самара мен Орынбор қалаларына жеткізуде.

«Дегенмен, Кедендік одақ та, Бірыңғай экономикалық кеңістік те біздің кәсіпкерлерді бәсекелестікке сай болуға шақырады. Олар өздерінің кәсіпорындарына жаңғырту жүргізулері әрі өздеріне қатысты емес шығындарды қысқарту арқылы тауардың өзіндік құнын төмендетулері керек. Бұл - заман талабы», - деді Н.Ноғаев.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы мен Ресей облыстары арасындағы жалпы сауда айналымы 10 млрд. теңгеге жетсе, оның ішінде 9 млрд. теңге экспортты, ал 1 млрд-ы импортты құрады. Ал Кеден одағымен арадағы сауда айналымы 400 млн. долларға жетті.

Соңғы жаңалықтар