Д.Абаев Н.Назарбаевтың тіл жөніндегі айтқан сөзіне түсіндірме берді

Дәурен Абаев Ақорданың Facebook-тегі ресми парақшасында Мемлекет басшысының тіл туралы айтқан сөзіне түсіндірме берді.
Tengrinews.kz агенттігінен сұрақ:
«Мемлекет басшысы «Тілдер туралы» заңды сақтау жөніндегі кешегі мәлімдемесі әлеуметтік желілерде әртүрлі жаңғырық туғызды. Президенттің адамдар бір тілде берілген сұраққа мемлекеттік органдардан сол тілде жауап алуы тиіс, деген сөзін кейбір азаматтар түсінбестікпен қабылдады. Мемлекет басшысы бұл арқылы не айтқысы келгенін түсіндіріңізші?».
Дәурен Абаев: «Өзінің сөзінде Президент шенеуніктер мемлекеттік қызмет көрсете отырып, азаматтардың тілдік сауалын ескеруі тиіс екенін қадап айтты.
«Тілдер туралы» заңда «мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштеріне жауаптары және басқа құжаттар мемлекеттік тілде немесе өтініш етілген тілде қайтарылады», деп жазылған.
Шенеуніктер кейде заңның бір бөлігін ғана ескеретін жағдайлары болып тұрады. Ел Президенті, міне, нақ осындай заңды жартыкеш түсінетін мемлекеттік қызметкерлерге қарата айтып отыр.
Мысал ретінде ол орыс тіліндегі өтініштерді келтірді, алайда осы қағида билік өкілдері қазақтілді азаматтарға жауап қайтара алмай қалатын жағдайларға да қатысты.
Сондықтан да осы тақырып төңірегіндегі алаңдаушылыққа негіз жоқ. Мемлекеттік тілді дамыту - мемлекеттік саясаттың басымдықты бағыттарының бірі және оны кез келген кемсіту Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы келеді».