Д.Болатханұлы: Балет әртісі - беделді мамандық

«Әлемдік дағдарыстарға қарамастан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміздің күрделі қиындықтарға ұрынбай, межелеген мақсаттарына қол жеткізіп келуде. Осы ретте Мемлекет басшысының ұйытқысымен құрылған Қазақ ұлттық хореография академиясы - көп деңгейлі мәдени-кәсіби білім мекемесі болмақ. Өнердің мақсаты - дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеру. «Би халық өнерінен туындайды», - деп Шара Жиенқұлова апамыз бекер айтпаған болар. Қазақтың халық билері әлемдік сахнаға шығып отыр. Би әлемі - биік өнер. Бидің құрылымынан, болмысынан ұлттық қасиет көрініс табады. Балет өнері - адамдардың рухани өмірінде ерекше орын алады. Балет шыдамдылықты талап ететін қиын және қызықты өнер. Өнер дегеніміз не? десе, оны әдемілік деген екен. Әдемілікті әр халық өз ерекшелігіне қарай қабылдап, өзіне тән ұғымдарыменен бағалайды. Ұлы ойшыл, энциклопедист ғалым, ақын Әбу Насыр Әл-Фарабидің мынадай сөзі бар: «Өнердің теориясын меңгеру дегеніміз - өнерге қатысты мәселелерді ақыл арқылы ұғыну және талғам қабілетін игеру», - деді ол.
Департамент басшысының атап өтуінше, академия балет өнерін үйретудің бірнеше бағыты бойынша жұмыс жасайды. Осы арқылы «Балет әртісі», «Би ансамблінің әртісі», «Хореограф режиссері», «Хореография педагогы», «Спорттық бал биінің педагогы», «Өнертану», «Арт-менеджер» сияқты мамандықтары бойынша кәсіби мамандар дайындалады. Қазіргі кезеңде би өнері қайта жаңғырып, әртүрлі жанрда жаңаруда.
«Хореография академиясы - кәсіпқой орындаушыларды бала жасынан дайындайтын арнайы оқу орны. Бәсекеге қабілетті туған тілін, елін, жерін сүйетін, өз ойын еркін жеткізе алатын құзыретті тұлға тәрбиелеу - қазіргі заман талабы. Біз баланы жас талға ұқсататынымыз рас. Талды мезгілінде суарып, түбін қопсытып, артық бұтақтарын кесіп отырсаң, баптап өсірсең, ол түзу, мәуелі ағашқа айналады. Жемісін көрсетеді. Ал қараусыз қалған, өз бетімен кеткен талдан қандай түзу ағаш өссін?! Сол сияқты балаларда қандай тәрбие, білім, өнер, өнеге алады, балалық шағы қалай өтеді, соған байланысты келешегі қалыптасады. Өскелең ұрпаққа өнеге болар өнер жолы қиын да қызықты. В.А.Сухомлинский білім беру жолында мынадай пікір ұсынған: «Тек қана ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін», сондықтан жас жеткіншектерге би өнері арқылы тәрбие мен эстетикалық талғамы биік тәрбие беру өнерлі қарлығаштарды ұшыру біздің міндетіміз», - деді ол.
Д.Болатханұлының пайымынша, ұлттық өнерімізді көзіміздің қарашығындай сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу ең аса үлкен жауапкершілік. Сондықтан академиядан білім алып шыққан балет хореографтары би өнерінің нағыз маманы болып шығады. Олар сахнада өздері өнер көрсетіп, билеп қана қоймай, сонымен қатар музыка, драматургия, бейнелеу өнері, пантомима сияқты өнер түрлерінің бастарын біріктіріп, әртүрлі музыкалы-сахналық қойылымдар қоя алатын шеберлікке баулитын болады. Әлбетте, балет әртісінің жұмысы оңай емес. Ол психологияны терең меңгерген шығармашылықтың адамы болуы тиіс. Міне, осындай жас дарындарды сахна төріне шығарып, өнердің нағыз майталманына айналдыруда жаңадан ашылып, алғы қатарға қосылып жатқан Қазақ ұлттық хореография академиясының атқаратын қызметі орасан зор болмақ.
«Би өнері - ақиқат пен жалғандықты көрсететін, парасаттылық негізін қалайтын, өмірді сүюге баулитын падиша өнер. Биді тұла бойы тұнған сұлулық поэзиясы десек, оның оралымдарын, тұңғиық терең сезімін жұртшылық жүрегіне сол қалпында жеткізіп бере білу де үлкен жауапкершілік. Қай кезде болмасын, балет бишілерін оқытып, тәрбиелеу аса жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, балетке барғысы келген адам ширақ та шыдамды, жігерлі де жинақы болуы керек. Сондықтан академияда балет бишісі боламын деген адамның бетін қайтармай, онымен жеке жұмыс жасау тыңғылықты жолға қойылуда», - деді департамент басшысы.
Оның атап өтуінше, жоғары оқу орнындағы студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалынатын болады. Оқу процесі барысында жалпы пәндерден бөлек, арнайы пәндер де міндетті түрде оқытылады. Егер студент балеттің нағыз кәсіпқой бишісі боламын десе, сол үшін алдына үлкен мақсат қойылуы тиіс.
«Басқа мамандықтарға қарағанда, балеттің әртісі маманы азамат (жеке тұлға) ретінде ерте қалыптасады. Өйткені, өзі оқыған білім ордасында мамандықтың барлық қыр-сырларын біліп шығуына үлесін тигізуі шарт. Балет әртісінің оқу бітірген соң жұмыс істеп, тәжірибе жинауға уақыты бола бермейтіні барлығымызға анық. Мысалы, медицина қызметкерлері, басқа өнер адамдары оқудан кейін көп жыл тәжірибе жинақтауына, аса мүмкіншілік уақытын кетірсе, балет әртісі жастайынан алған білімі мен тәжірибесін ұштастырып өз біліктілігінің арттыруына әрдайым жолы ашық және айқын болмақ. Хореография академиясында балет әртісі кәсіби білім ғана емес, сонымен қатар орта білімде алуына барлық мүмкіншілік бар», - деді ол.
Департамент басшысының айтуынша, сахнада балет әртісіне қойылатын талап та өте жоғары. Ол бірден сахнаға шыға алмайды. Үлкен іріктеуден өтіп қана сахна төріне беттейді. Мұндай іріктеу басқа мамандықтарда жоқ. Сахнаға шығуы үшін әртісте бір жағынан өз ісіне деген адалдық, сүйіспеншілік, өнерді бағалайтын қасиет, ұстамдылық керек болса, екінші жағынан жұмысына шыдамдылық, төзімділік қажет. Сол сияқты онда керек кезінде қызбалық сияқты психологиялық мінез-құлық та болғаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, ол нағыз шығармашылық ортаның адамы болып қалыптасуы тиіс.
«Қазақстан Республикасының Халық әртісі, белгілі балетмейстер, әлемдік балет жұлдызы Болат Аюханов: «Би - бұл өзіңнің бүкіл көп қырлы мазмұндылығымен де игі» - деп өте жақсы айтқан. ХХІ ғасыр мәдениеттің, өнердің, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасыры демекші, еліміздегі білім мен өнер ордасының ошағына айналатын Қазақ ұлттық хореография академиясының отандық мәдениеттің әлемдік деңгейге балет өнерін дамытатын, халқымыздың өркениетінің дамуына қызмет ететін рухани ортаның болатынына үлкен сеніммен қараймыз», - деп түйіндеді сөзін Д.Болатханұлы.