Д.Медведев ҚР әділет министрі Б.Имашевке құқықтық ықпалдастықты дамытуға қосқан үлесі үшін сыйлық тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы 27-30 мамыр күндері Санкт-Петербургте V Петербург халықаралық әділет форумы өтуде.
None
None

Қазақстан Республикасының әділет министрі Берік Имашев форум аясында «Еуразиялық кеңістікте құқықтық ықпалдастықты дамытуға қосқан үлесі» үшін сыйлықпен марапатталды, деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

27 мамырда форум ауқымында ҚР әділет министрінің қатысуымен «Еуразиялық ықпалдастық: Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғаннан кейінгі бір жыл» тақырыбында конференция өтті. Берік Имашев «Еуразиялық экономикалық одақ қызметі жағдайында құқықтың үстемдігі» тақырыбында баяндама жасады.

Конференция ауқымында РФ әділет министрі А.В. Коновалов, ЕАЭО сотының төрағасы А.А. Федорцов, ЕЭК алқасының мүшесі Р.Х. Арутюнян, РФ әділет министрінің орынбасары М.А. Травников, БР әділет министрінің орынбасары И.Г.Тушинский, АР әділет министрінің орынбасары В.В.Кочарян, ЕЭК департаментінің директоры В.Е. Ильичев, құқықтанушылар, судьялар, мемлекеттік билік органдарының өкілдері, жетекші адвокаттар мен заңгерлер, консультанттар, ғалымдар, заң бизнесінің және ғылым өкілдері Еуразиялық экономикалық одақтың, сондай-ақ еуразиялық кеңістікте дауларды шешудің ең өзекті мәселелерін талқылады.

Сонымен бірге, форум ауқымында Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Д.А.Медведев Қазақстанның әділет министрі Б.Имашевке еуразиялық кеңістікте құқықтық ықпалдастықты дамытуға қосқан үлесі үшін сыйлық тапсырды.

Сыйлықтың мақсаты ЕАЭО ауқымында құқықтық ықпалдастықты дамыту, сондай-ақ әділет саласында халықаралық ынтымақтастықты қолдау болып табылады.

Сондай-ақ Петербург әділет форумының ауқымында әділет министрі Б.Имашев Гаага конференциясының халықаралық жеке құқық жөніндегі бас хатшысы Кристоф Бернасконимен кездесті.

Кездесуге қатысушылар құқықтық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде Қазақстан Республикасының Гааганың халықаралық жеке құқық жөніндегі конференциясына мүшелігі мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанның Гаага конференциясы қабылдаған өзекті Конвенцияларына қосылуын талқылады.

Соңғы жаңалықтар