Д. Назарбаева: Баспана мәселесімен кезекте тұрғандар туралы мәліметтің өзі үлкен күмән тудырады

Парламентте «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева осылай мәлім етті.
Сөз арасында Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға әзірлік барысында үлкен жұмыстар атқарылғанын, бірнеше отырыстар ұйымдастырылып, мемлекеттік жауапты орган басшылары тыңдалғанын, статистикалық мәліметтер алынғанын айтты. «Әрине, статистикалық мәліметтер жеткілікті берілді. Алайда, біз ең маңызды әрі аса қажетті көрсеткіштерді ала алмадық. Мәселен, біз барлық облыстардан баспана кезегінде тұрғандарға қатысты жағдайды көрсететін мәліметтерге қол жеткізе алмадық. Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстары туралы еш мәлімет ала алмадық. Ал келіп түскен кейбір көрсеткіштердің өзі үлкен күмән туғызады. Мәселен, халқы ең көп қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысында баспанаға ресми кезекте бар-жоғы 10 мың адам ғана тұр. Ал Шығыс Қазақстандағы кезекте тұрғандар саны 15 мың 156 адамды құрайды. Осы көрсеткіштерді тереңірек тексеру керек деп санаймыз», - деді Д. Назарбаева.