Д.Нөкетаева: Біздің нысана - өсім және реформалық даму

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан - қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет. Мемлекеттің ішкі экономикалық жағдайы тұрақты болғанымен, жаһандық жағымсыз соққылар елді айналып өтпесі анық. Алайда тіршілік атты бәйгеде қалыс қалмай ілгері жүру - заман талабы. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты кезекті Қазақстан халқына Жолдауында анық аңғарылады.
None
None

Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева білдірді.

«Біз бұл мезетті асыға күткеніміз анық. Өйткені Елбасының Жолдауы - әрдайым ел ішіндегі сабырлылықты, береке мен бірлікті ұйыстырушы фактор. Нақты жоспар, мықты стратегиялық дамуға сүйенген биылғы жиырмасыншы Жолдау еңбекқорлыққа, үнемшілдік пен бірлікке шақырады. «Үлкен желкенді күшті жел ғана кере алады, Үлкен қиындықты мықты ел ғана жеңе алады» демекші, Елбасы баршамызды бірлік пен ынтымаққа үндеп: «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыранға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет. Біздің мақсатымыз - елі бақытты, жері гүлденген отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету» дегенді алға тартты. Рас, стратегиялық жүйелі даму бағдарламалары арқылы небәрі екі онжылдықта Қазақстан 50 қарқынды дамушы елдер қатарына енді. Меніңше бұл Жолдау - өткен тарихымызды сүзгіден өткізе отырып, алдағы қатерлерді еңсеру. «Алдымен экономика, cодан соң - саясат» деген формуламен көш түзеген Елбасының тәуелсіздік алғаннан кейінгі ауыр жылдарда халықтың тұрмысын түзеуге, хал-ахуалын жақсартуға үлкен күш жұмсағанына тарих куә. Салиқалы саясаткердің ұстанымының арқасында 24 жылдың ішінде әлемнің алпауыт мемлекеттерінің қатарына арындап кіруге ұмтылған елге айналдық. «Еуразия Барысы» саналатын Қазақстанның қазірде қарқыны күшті заманауи ел ретінде әлемдік аренада жұлдызы жарқырап тұр», - дейді ол.

Осы орайда университет ректоры әлемдегі ахуалды Президент осыдан екі жыл бұрын-ақ аңдағанын атап өте келе, соған лайықты жоспарды да, дағдарысты еңсеру тетігін де алдын ала даярлады десек қате болмайтындығын баса атап өтті. Бұл ретте «Қазақстан - 2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары нақты айғақ боларын баса айтты.

«Жаңа жолдау осы алысты меңзеген тың бастамаларға серпін беретін, оны іске асыруға мұрындық болатын кілт болмақ. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы баршамызға тың серпіліс сыйлады. Біз қиын-қыстау кезеңде жақсы күндерді күтіп бұғып қалмай, керісінше, нақты бағыт-бағдар, қажымас қайрат, еңбек арқылы жол жүрмекпіз. Осындай қиын кезеңде Қазақстан тағы да «дағдарыстан - дамуға» ұмтылмақ, оның бағыты - еліміздің тағы бір сүбелі жеңісі, ұтқыр қадамы ретінде ақиқатталмақ. Түрлі жаһандық экономикалық қиындықтарға қарамастан дамуға қарай бет алу, орасан зор мәселелерді шешуге кірісу, мега жобалар мен жаңғырту идеяларын іске асыру нағыз Елбасының стиліне айналғалы қашан. Міне, біздің елдің ұтқыр тұсы осында жатыр!» - деді Д.Нөкетаева.

Оның пайымынша, әлемдік экономикалық дағдарысқа төтеп беру, басқа ел жіберген қателіктерді алдын алу, қаржылық мәселелерді оңтайландыру, түрлі тұрақсыздықтарға дайын болу - өз қолымызда. Біз сыртқы қиындықтардан қорықпай, тоқырауды ауыздықтап, құлдыраудың орнына, ішкі қаржы қорын тиімді пайдаланып, еңбек пен ынтымақ арқылы одан сайын дамып, гүлденуіміз керек. Себебі, экономикалық құлазулар, әлемдік дағдарыстың өзі дамуы дұрыс мемлекеттің ішкі нарығын, әлеуметтік жағдайын ширатып, бекемдей түсетіні белгілі.

«Бүкіл әлемді қусырып алған қаржы қыспағы қаһарына мініп тұр. Дәл қазір жаһандық дағдарыстың орақ тісті аранына түспеген, одан зардап шекпеген, үлкен шығынға батпаған ел кемде-кем. Ел аузындағы ұлттық валютамыздың құлдырауы осы алдын алуға келмейтін кешенді проблемалардың бірі. Алайда теңгеміздің «тағдырын» еркіндікке жіберіп, ішкі экономикалық хал-ахуалымызды реттеу бүкіл ел үшін мол тәжірибе. Бұл - біздің жауабымыз. Теңгенің мәртебесіне қатысты Елбасының «Ұлттық қор қаржысы есебінен ұлттық валюта бағамын үздіксіз қолдау тәжірибесіне қайта оралмаймыз» деп ашық мәлімдеуі бұған дейін айтылған қауесеттерге нүкте қоятыны сөзсіз. Ұлттық валютаның нығаюына құзырлы орындарға нақты тапсырмалар да берілді. Сенім елге қайтады деген үмітіміз бар», - деді ол.

Д.Нөкетаева өз сөзінде ҚР Президенті Қазақстанның ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғаны жөнінде де сүйінші хабарды жариялағандығын атап өтті. Бұл өз кезегінде Ұлы Дала елінің әр тараптағы елдермен қаржылық байланысы күшейіп, емін-еркін сауда айналымын жасауына септігін тигізетіндігін баса айтты. Бұл сондай-ақ шағын және орта бизнестегі бәсекелестікті арттырып, ел кәсіпкерлерінің ширығуына жол береді. Ал оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле беретіндігі де зор зор ынталандыру тетігі екендігі де сөзсіз.

«Бұл тақырыптар экономикалық саладағы тың бастамалар. Бірақ елдің ең алдымен күткен мәселесі әлеуметтік сала екені даусыз. Елбасының аталған салада ешқандай қысқарту болмайтынын тағы да кесіп айтуы - қоғам үшін үлкен демеу болды. Жайланған көңілді бұл бағыттағы қаржылық қолдау тіпті семірткенін айта кету керек. Мәселен, жаңа жылдан бастап білім саласының қызметкерлері жалақысы мен студенттердің шәкіртақысы 29 пайызға дейін өсетін болады. Бұл білімді әрі белсенді жастарға жігер сыйлайтын жақсы алғышарт. Осылайша жаңа Жолдау ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесінің алдында жанымызды жадыратып, көңілімізді марқайтты. Тек ендігі міндет - елдік пен мемлекеттік мүддені сезіне отырып іске жұмыла кірісу», - деді Д.Нөкетаева.

Соңғы жаңалықтар