Д.Стросс-Кан: G20 формальді клубқа айналып кетті

Кеше VI Астана экономикалық форумында ол Еуропаның «алтын ғасыры» келмеске кетті деп батыс елдерінің саяси өкілдерін бір мұқатып тастаған болса, бүгін Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның «Көшбасшылар сұхбатында» әлемде қалыптасқан қаржылық проблемаларды шешуге қабілеті бар бірде-бір тиімді халықаралық институт таппағанын айтып, тағы да жұрт үмітін басып тастады.
Оның сөзіне қарағанда, әлем «Үлкен жиырмалық» немесе «Үлкен сегіздік» аясында өтетін талқылауларға қызығушылықтарын жоғалтып келеді. Себебі дамушы елдер оның құрамынан шығып қалған.
«Меніңше, «Үлкен жиырмалық» қазір жәй ғана формальді клубқа айналып кеткен. Сонымен қатар әлемдік дағдарыс кезінде үлкен рөл атқарған Халықаралық валюта қоры да Еуропаның өзінен шет қалып барады. Сондықтан да қазіргі уақытта шоғырланған шынайы ықпалдастығы бар институтты көріп отырғаным жоқ», - деп атап көрсетті Д.Стросс-Кан.
Бұл фактіні ол аса қауіпті деп санайды. Себебі әлем осындай әріптестікке зәру.
«Ондай болмаған жағдайда, біз Еуропадағы дағдарыстан құтыла алмаймыз. Белгілі бір институт қажет. Бүгінде ол ауыр міндетті ешбір елдің көшбасшысы мойнына алғысы келмейді. Өйткені өзінің елінде түйткіл көп. Мен үшін ең бастысы мәселеден шығар шешімдерді кім және қандай институт алға жылжытатындығында. Егер бұны шеше алмасақ әлем халықтарына үлкен зардаптары тиеді», - деп түйді сөзін қаржыгер.