Дағдарыс қатер төндірумен қатар индустрияландыруды жеделдетуге де мүмкіндік береді - Ә.Исекешев

АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет алдына еліміздің индустриялық бағдарламасын әзірлеп, оны қабылдауды тапсырған болатын. Тез арада тыңғылықты дайындалған бұл бағдарлама бүгінде өзінің тиімділігін көрсетті.
None
None

Өйткені, құжат аясында іске асырылған жобалар ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып отыр. Ал қазіргі күні әлемнің жетекші елдері ұйқысынан оянып, қазақ елі жүріп өткен жолға енді қарап, индустрияландыру мәселесін жан-жақты талқылаумен қатар сәйкесінше стратегия әзірлеуге кірісуде.

Тоқталарлық жайт, елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарлама шетелдік инвестицияны белсенді тарту, экспортты барынша қолдау, еңбек өнімділігін арттыру сынды 10 басты ұстанымға негізделеді.  2,5 жылдың ішінде үдемелі индустрияландырудың  институционалды қалыбы қалыптасып, 50-ден астам заң қабылданып, тиісінше өзгерістер енгізілді. Салалық және функционалды 23 бағдарлама бекітілді. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың 100-ден астам шарасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар осы аралықта 3 мыңнан астам қазақстандық компаниялар аталған қолдау тетіктерінің шапағатын да көруде.

Бүгін елордада ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустриялық форум аясында баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің атап өтуінше,  өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің өсімі тау-кен өндіру саласына қарағанда қарқынды дамып, 5 есе өсім көрсеткен. Толықтай алғанда, қара металлургия саласының құлдырауына қарамастан, ағымдағы жылдың қаңтар-мамырында өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы өсім 6,8 пайызды құрады. 2 жылдың ішінде осы саладағы еңбек өңімділігі 32 пайызға артты. Осы жылдың қаңтар-мамырында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайыздан астам өсім болды.

«Мемлекеттің басымдықты міндеті бірінші кезекте экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті бизнесті қалыптастыру мен дамыту үшін жағдай жасау болып табылады. Бұл жұмыс негізгі функционалды және салалық саясатты әзірлеу және жүзеге асыру, соынмен қатар жобаларды жүзеге асыру бағыттары бойынша жүргізілуде», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, жүйелі шараларға бизнес ахуалды жақсарту, бәсекелестікті нарықты дамыту, кадрмен, инфрақұрылымдармен, қаржымен қамтамасыз ету жатады. Айта кетерлігі, экономикаға инвестиция тарту барынша маңызды. Өйткені тұрақты өсімге капитал мен бәсекелестік қажет. Сондықтан да капиталы, құзіреті әрі технологиясы бар ірі шетелдік инвесторларды тарту бойынша жұмыстарды күшейту нөмірі бірінші басымдыққа айналып отыр. Бұл орайда Мемлекет басшысының қажырлы еңбегін атап өткен орынды. ҚР Президентінің жетекші елдердің көшбасшылармен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде Балқаш ЖЭС-і, Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты, тікұшақ, электовоз шығару, газ-химия кешенін жаңарту сынды ірі бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Олардың бірқатарының құрылысын бүгінгі форум аясында Елбасының өзі қуаттап, салу жұмыстарына кірісуге рұқсат берді.

Инвестициялар бойынша ұлттық жоспар қабылданып, 20 басымдықты инвестор елдер мен осы мемлекеттердегі 150 технологиялық көшбасшылар айқындалды. Индустрия және сауда министрлігі «жалғыз терезе» ретінде инвесторлар үшін роуд-шоу өткізді.  Жалпы сомасы 20 млрд. АҚШ долларын құрайтын 400 инвестициялық бастамалар бойынша шоғырланған жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Тойота» компаниясымен автомобиль жасау, химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика бойынша бірлескен 5 жоба төңірегінде келіссөздер жүргізілуде. Мұндай келіссөздер деңгейінде тұрған, бірақ маңызы өте жоғары жобалардың саны бірқатар.  Жалпы қабылданған барлық шаралардың нәтижесінде 2,5 жылда өңдеу секторына құйылған тікелей инвестиция көлемі 60 пайызға өсім көрсетіп, өндіру саласында 14 пайызға қысқарды.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, белгілі болып отырғандай, қазіргі уақытта біз инвестициялық тартымдылық бойынша ТМД-да көшбасшылық ұстанымды иеленіп отырмыз. Дегенмен біздің бәсекелестеріміз бір орында тұрмайды. Сіздің тапсырмаңызға байланысты Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай біз жүйеміздегі басымдықтарды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкестендірумен белсенді айналыстық. Аталған ұйымның сарапшылары Қазақстан үшін бірқатар ұсыныстар дайындады, олар енгізілетін болады. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақты қоса алғанда инфрақұрылымды қалыптастыруды аяқтау қажет. Оларға кәсіби басқару компанияларын шақыру қажет», - деді министр.

Ә.Исекешевтің пайымынша, әлемдегі нарықтағы қатаң бәсекелестік жадайын әрі шекті ресурстарды есепке ала отырып, сектордың шағын тізбесіне шоғырлану қажет. Өйткені 2 жылдың ішінде министрлік бағдарламадағы барлық салаларды, олардың экспорттық әлеуетін, еңбек нарығына әсерін барынша жан-жақты зерделеп, нәтижесінде  басымдықты салалардың негізгі тобын бөле жара қарастырып отыр.

Біріншісі базалық сала, индустрияландырудың негізі - минералды-шикізаттық кешен, энергетика және көлік. Олар үшін ұзақмерзімді көзқарас қажет. Қазіргі уақытта 2030 жылға дейін арналған ұзақмерзімді тұжырымдама да әзірленіп, негізгі проблемалар айқындалған. Алға қойылып отырған мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті ресурстар, кешенді тәсілдер нақтыланған. «Саланың екінші тобы экспорттық өсімнің ең жоғарғы әлеуеті критерийі негізінде белгіленді. Мұндай салаларға біз шикізатты терең өңдеуді, тау-кен металлургия кешенін, химия мен мұнай химиясын, агроөнеркәсіп кешенін, сондай-ақ экспортқа бағытталған сервисті, көлік логистикасын, туризмді жатқызамыз. Оларға зор мақсаттар жүктелген және айтарлықтай мемлекеттік ресурстар шоғырландырылған», - деді Ә.Исекешев.

Жалпы Индустрияландыру картасында жалпы құны 11,4 трлн. теңгені құрайтын, 400 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 706 жоба бар. 2,5 жылдың ішінде жалпы сомасы 1,8 трлн. теңгені құрайтын 443 жоба іске қосылды.  Жобалардың жүзеге асырылуы барысына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта 27 проблемалы жоба бар. Олардың әрқайсысына іс-шаралар жоспары бекітілген.

Министрдің атап өтуінше, картаға ірі инфрақұрылымдық индустриялық жобалар енгізілген. Мұндай жобалар Индустрияландыру картасында 39 пайызды, әрі картадағы инвестицияның жалпы құнының 70 пайызын құрайды. Дегенмен де оның сөзіне қарағанда, олардың үстіне қосуға болатын да болашағы зор жобалар бар. «Олардың саны шамамен 20 болады. Осылайша, барлық 59 ірі жоба таяу 3-5 жылдың ішінде Үкіметтің басты назарында болады», - деді ол. Сонымен қатар аталған 59 жобаның жиынтық құны 80 млрд. АҚШ долларын құрайтындығын атап өткен Ә.Исекешев: "Бұлар тау-кен металлургиясы, химия, туризм, көлік және машина жасау салаларындағы ірі жобалар екендігін атап өткім келеді. Біздің бағалауымызша, 2020 жылға қарай осы жобаларды іске қосу Ішкі жалпы өнімнің кемінде 7 пайыздық жиынтық тиімділігін береді ", - деді.

Оның сөзіне қарағанда, осы ауқымды бағдарламаны орындау үшін оны қаржылай қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажет. Ол үшін индустрияландыруға коммерциялық банктердің, зейнетақы қорларының, қор нарығы арқылы жеке инвесторлардың қаржысын тартуға жол ашатындай жағдай жасап, қазіргі қолданыстағы қаржы жүйесіне түбегейлі өзгерістер жасау оң болады.

«Өмір көрсетіп отырғандай,  дағдарыс тек қауіп қана емес, ол жеделдетілген индустрияландыруға да жекелеген мүмкіндіктер береді - шикізатқа ғана емес, құрылғылар мен инжинирингтік компаниялардың қызмет түрлеріне де баға төмендейді. Алға қойып отырған мұнай-газ, мұнай химиясы, металлургия саларындағы  және әсіресе, инфрақұрылымдардағы  ірі жобаларды жүзеге асыру үшін  біз мұны пайдаланып қалуға тиіспіз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар