18:58, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Дағдарыс жағдайында әрбір тиын тиімді жұмсалып, оның қайтарымы болуы тиіс - Елбасы
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дағдарыс жағдайында әрбір тиын тиімді жұмсалып, оның қайтарымы болуы тиіс. Бүгін «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» партиясы әлемдік дағдарыс жағдайында әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде белсенділік танытуы қажет. Менің бастамаммен дағдарысты еңсеру үшін түрлі секторға бағытталатын мемлекеттік қаражаттарды бақылайтын комиссия құрылған болатын. Комиссияны Қаржылық бақылау агенттігінің төрайымы басқарады және оның құрамына барлық құқық қорғау органдарының басшылары кіреді. Ал партия ұлттық қордан мемлекеттік мүдделер үшін бөлінетін әрбір тиынның нысаналы, тиімді жұмсалуын қадағалап, мониторинг жасауы тиіс. Бұл маңызды шара болғандықтан және халық оны біліп отыруы үшін бұндай жұмыстар жариялы түрде жүргізілуі керек. Ал «Нұр Отан» партиясының өңірлердегі филиалдары сол қаражатты жергілікті бюджетте атқарылуын қадағалауы тиіс», деді Елбасы.