Дағдарыс жағдайында бірігіп жұмыс жасаудың маңызы зор

ОРАЛ. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Наурыздың 5-сінде Атырау қаласында отандық тауар өндірушілердің өнімдерін шетелдік инвесторлардың пайдаланымына ұсыну мақсатын көздеген үкіметтік деңгейдегі жиын өтіп,
None
None
оған ақтөбелік, атыраулық және батысқазақстандық өндіріс орындарының басшылары қатысқан болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Осы жиынға батысқазақстандық делегацияны бастап барған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, қазіргідей дағдарыс жағдайында бірлесіп жұмыс жасаған тиімді. Қаңтар айында өңірде 42 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Қайта өңдеу кәсіпорындарында өнім көлемі ұлғайғанымен, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салаларында керісінше жағдай. Ол негізінен «Оралагрожөнмаш», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Зенит», «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ, «Диана плюс» ЖШС секілді кәсіпорындарда өндірілетін өнімдерге тапсырыстың азаюынан болып отыр. Соған орай облыста қаржы секторын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге, жұмыспен қамтуға, экономиканың нақты секторын, әсіресе, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, отандық тауар өндірушілердің шетелдік және ұлттық компаниялардағы сатып алуларға қатысуын қолдауға бағытталған іс-шаралар жоспары қабылданды. Таяуда Астанада өткен Атыраудағыдай жиынның нәтижесінде «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясымен», «Гидромаш-Орион» ЖШС-мен меморандумдарға қол қойды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен «Оралагрожөнмаш» АҚ да дәл осындай келісімге келді. «Гидроприбор» ҒЗИ «Атыраубалықпен» бірігіп іс қылмақ. Атыраудағы жиын да осы жұмыстардың одан әрі дамуына септігін тигізбек. Көп кешікпей мұндай форум Оралда да өткізілмек. Меморандумдарға қол қою рәсімдері сонда болмақ. Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан ҚПО б.в. компаниясы Оралдағы көптеген өндіріс орындарының өнімдерін алуды, жергілікті мекемелердің қызмет түрлерін пайдалануды көздеп отыр. Осы жерде, яғни Атырауда «Теңізшевройл», «Аджип» компаниялары басшыларымен келіссөздер жүргізілді. Олар көп кешікпей Батыс Қазақстанға келіп, өндіріс орындарымен кеңірек танысуды жөн санап отыр. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ның жетекшілері де оралдық зауыттардың өнімдерін пайдалануға мүдделі.
Соңғы жаңалықтар