Дағдарыс жағдайында экономиканы жаңғыртудың және жұмыспен қамтудың жаңа жоспары жарияланды

АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат/Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, наурыздың 6-сында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Мемлекет Басшысының биылғы Жолдауы «Дағдарыстан – дамуға!» деп аталып, онда елімізді ағымдағы жағдайдан алып шығудың, мемлекеттің дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз етудің жаңа міндеттері қамтылып отыр.
None
None
«Бүгін бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыс қиындықтарын бастан өткеріп отыр. Жаһандық дағдарыс дауылы алпауыт мемлекеттерді шайқалта бастағанын көріп отырсыздар. Дағдарыс салқыны бізді де айналып өткен жоқ. Оқтын-оқтын айналып соғатын әр деңгейдегі дағдарыстарға біз бұған дейін де төтеп беріп келгенбіз. Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген кеңес империясының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру «тақыр жерден тау тұрғызғанмен» бірдей болғаны есімізде. Ел болып ол қиындықтарды да еңсердік. Өткен ғасырдың соңында Шығыс Азияда басталған кезекті дағдарыс тұсында тәуелсіздігіміз тағы бір сынаққа түскен болатын. Дер кезінде қабылданған дұрыс шешім, ұтымды іс-қимылдың арқасында біз одан да аман-есен өте шықтық. Осылайша, сындарлы жылдар мен күрделі кезеңдерде лайықты тәжірибе жинақтап, ысылып, шыңдала түстік. Ел дамуының жаңа бағытын айқындап, қарыштап алға басумен болдық. Сол секілді қазіргі әлемдік дағдарысты өткінші құбылыс деп есептеу керек. Халқымыз мұндай күйзелістер кезінде «көппен көрген ұлы той» деп, сабыр сақтап, ынтымақ бірлігін бекіте түскен. Қиындықтарды бірлесе жеңіп отырған. Мемлекет дағдарыстың алдын алудың барлық шараларын жасауда. Ұлттық қордан бөлінген ауқымды қаражат қазір отандық экономиканың кідіріссіз жұмыс істеуіне қызмет ете бастады. Әлеуметтік кепілдіктер толығымен сақталып отыр. Олай болса, бұл дағдарыстан біздің аман-есен өтетініміз айдан анық. Дағдарыстар өтеді, кетеді, ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады», деп бастады сөзін Мемлекет басшысы. Сонымен бірге, Елбасы алдымызда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық белесі күтіп тұрғанын айта келе, жас Қазақстанның 20 жылдығы үлкен кезеңмен, тұтас дәуірмен барабар екендігін атап өтті. Бүгінгі күні әлем елдерінің басты тақырыбына айналған дағдарыс мәселесіне тоқталған Елбасы, қазіргі ғаламның алдыңғы қатарлы экономикасы дағдарыспен күреске 10 трлн. доллардан астам қаржы жұмсағанын айтып, әлі де жағдайдың қалыпқа түспей отырғандығын сөз етті. Бұл дағдарыс әлі де өз шыңына жеткен жоқ, яғни бәсеңдеуін күту әлі де болса ертерек. Сондықтан да Н. Назарбаев, көптеген сарапшылар секілді осы әлемдік дағдарыстан кейін ғаламдық қаржы жүйесінің, сондай-ақ, саяси басқарудың да өзгеруі мүмкін екендігін жеткізді. Бүгінгі әлемдік жағдай халықтың өмір сүруіне қатысты өзгерістерін біртіндеп енгізіп жатыр. Елбасы айтпақшы «дағдарыс уақытша құбылыс», бірақ сол уақытша дүниенің өзі мемлекет келешегіне үлкен әсер ететіні айқын. Қайсібір мемлекеттер осы «дауылдың» салдарымен ғасырлар бойы да күресуі мүмкін. Сондықтан да, бүгінгі күні дағдарыстан шығу жолымен қатар, содан кейінгі даму жолын қалыптастыру мәселесі өзекті бола түспек. Рас, әлемдік қиыншылықтар уақыты келгенде еңсерілсе де оның салдары әр мемлекетке әрқалай үлесетіні белгілі. Ал Қазақстанның ұстанған жолы бұл дағдарыстан ысылып, тәжірибе жинап, жаңарып, экономикалық дамудың тың серпініне қадам баса шығу болуы шарт. Дәл осы мәселелер төңірегінде ой қозғаған Елбасы, ағымдағы шаралардың дұрыс атқарылып жатқанына тоқтала келе, бір орында тұрып қалмай, алға басу және экономиканы жаңарту мен жұмыспен қамтудың жаңа жоспарын жүзеге асыруды ұсынды. Президенттің пайымдауынша, бұндай тың мақсаттарға бөлінетін қаражатты осыған дейін дәстүрлі түрде Ұлттық қорға аударып келген шикізаттық сектордан алуға болады. Яғни, 2009-2011 жылдарға арналған жаңа жоспарды жүзеге асыру үшін бұрын Ұлттық қорға аударылып келген шикізат секторы қаражатын экономиканы жаңғырту шарасына қарай бұратын боламыз. Бұдан басқа, қосымша қаржы бюджеттік шығыстарды қатаң үнемдеу арқылы шешімін таппақ. Жергілікті және республикалық бюджет бойынша барлық әкімшілік, инвестициялық шығыстардың басым бағыттарға жатпайтын бөлігі нөлге дейін теңестіріледі. Әлемдік сарапшылар дағдарыстың кейінгі толқынын жаппай жұмыссыздық мәселесімен байланыстыруы да бекер емес. Дүниежүзілік өлшеммен қарағанда, алпауыт компаниялар күніне бірнеше мыңдаған жұмысшыларын қысқартатынын жариялап та жатыр. Тіпті соңғы уақытта «қай мемлекетте жұмыссыздық проблемасы жоқ болса, сол елдің дағдарыстан шығу мүмкіндігі де жоғары» деген пікірлер айтылып отырғаны сондықтан. Жолдау барысында Мемлекет басшысы осы мәселеге де терең тоқталып, Үкіметке өңірлік жұмыспен қамту мен кадрларды қайта даярлау үшін 140 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Осы қаражат арқылы дағдарыс жағдайында жұмыстан босап қалғандар үшін жаңа жұмыс орындары құрылып, кем дегенде 350 мыңнан астам қазақстандықтар жұмысқа орналасатын болады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жұмыс орындарын ашуда облыстық, аудандық өңірлердегі жұмыссыздық проблемасын шешуде жергілікті мәслихат пен әкімдіктердің рөлін ерекше атап өтті. Яғни, мемлекет қазынасынан бөлінген қаражатқа қарай, жергілікті билік шығынды қайда, қалай жұмсауды анықтап, ол үшін ең бастысы жұмыспен қамту, өңірлік кәсіпкерлік әлеуетті пайдалану секілді шараларға баса назар аударуы шарт. Бұнымен қоса, әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейтуге және жастар практикасын ұйымдастыруға қатысты 8,6 млрд. теңге бөлу ұсынылды. Қолданыстағы перспективасы бар инвестициялық жобаларды қаржыландыру да жалғасатын болады. «Ең алдымен бұл бағытта мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту шарасын жүзеге асыру қажет. Қазақстанда үш мұнай өңдеу зауыты бар. Бірақ, соған қарамастан майды шетелден сатып аламыз, Қазақстанды авиакеросинмен де қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бұл нағыз масқара жағдай. Бұл іспен дәл бүгін айналысуды қолға алып, мұндай тәуелділіктен біртіндеп арылу қажет», деді Н. Назарбаев. Сонымен бірге, Елбасы ішкі сұранысты біртіндеп өзіміздің мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді жүргізу қажеттігін айта келе, Атырау қаласындағы мұнайхимия кешенінің құрылысы жалғасатынын, биылғы жылы Мойнақ ГЭС-інің құрылысы аяқталатынын, Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2-нің қайта жаңалау жұмысы жалғасатынын және ағымдағы жылы Балқаш ЖЭС-і құрылысы басталанытын атап өтті. «Біздің жоспарымызда биыл құрылысы басталатын Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ газ құбырын салу бар. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік транзиттік дәлізіне дайындық жұмысы басталады және биылдың өзінде бұнда 5 мыңға жуық азаматтар жұмыс істейтін болады. 2010-2011-2012 жылдары ондағы жұмысшылар саны 50 мыңға дейін жетеді. Бұл Қазақстанның Еуропадан Азияға дейінгі транзиттік дәлізінің ең күшті күретамыры болады», деді Н. Назарбаев. «Қиындық атаулыны жеңетін бір ғана күш бар. Ол ? бірлік. Еліңді жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздікті, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін ол сондай қажет. Ел басына күн туған нелер қиын заманда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған осы ынтымағымыз бен бірлігіміз емес пе еді?! Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы, кеңес дәуіріндегі басқа түскен үлкен зұлмат жылдарында да өзінің ерлігін ынтымақ пен бірлік арқасында сақтап қалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге республикаларда қантөгістер мен қақтығыстар болып жатқанда татулық пен бірліктің арқасында жас мемлекетімізді жасақтап, өтпелі кезеңнен шығынсыз өттік. Бүгінгідей қиын қыстау кезеңде мен туған халқымның ынтымақ пен ауызбіршілік танытарына сенемін», деді Н. Назарбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардан бұл істе бас болып, өзге отандастарға ұйытқы болуға, «әрдайым кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлық пен іскерлік» көрсетуге шақырды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», деген аталы сөзіміз бар. Олай болса, енді ұсақ-түйек пен берекесіз тірлікті доғарған жөн. Ел үшін, ұрпақ үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кез келді, ағайын!», деді Елбасы. Естеріңізге сала кетейік, Елбасының тұңғыш Жолдауы 1996 жылдың қазан айында жарияланып, ол Жолдау «Елдегі жағдай мен 1997 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы» деген тақырыпты қамтыған болатын. Президенттің жұртшылыққа кеңінен танымал бағдарламасы - 1997 жылдың қазан айының 10-ында жасалған «Қазақстан-2030» Жолдауы. Мемлекет басшысының одан кейінгі жылдардағы Жолдауларында «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырудың түрлі қағидаларына назар аударылып, еліміздің жүріп өткен жолдарына терең талдаулар жасалып, болашаққа маңызды стратегиялық міндеттер қойылды. - Елбасының 1998 жылғы қыркүйектің 30-ындағы Жолдауы: «Елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы: Қоғамды демократияландыру, жаңа ғасырдағы экономикалық және саяси реформа»; - 1999 жылғы желтоқсанның 15-індегі Жолдауы - «Елдің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі»; - 2000 жылғы қазанның 24-індегі Жолдауы - «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам»; - 2001 жылғы қыркүйектің 3-індегі Жолдауы - «Елдегі жағдай және 2002 жылға ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы»; - 2002 жылғы сәуірдің 29-ындағы Жолдауы - «Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылға негізгі бағыттары туралы»; - 2003 жылғы сәуірдің 4-індегі Жолдауы - «Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға негізгі бағыттары»; - 2004 жылғы ақпанның 19-ындағы Жолдауы - «Бәсекеге қабілетті Қазақстан, бәсекеге қабілетті экономика, бәсекеге қабілетті ұлт» деп аталды; - 2005 жылғы ақпанның 18-індегі Жолдаудың тақырыбы - «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» болды; - 2006 жылғы наурыздың 1-індегі Жолдау - «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында! Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» ретінде жарияланды; - 2007 жылы Жолдау «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан!» - Қазақстанды жан-жақты жаңартудың жаңа кезеңіндегі басты басымдықтары ретінде ішкі және сыртқы саясаттың аса маңызды 30 бағытын қамтыды. - Елбасының былтырғы 2008 жылғы Жолдауы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру ? мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауы ақпанның 6-сында жария етілген болатын. * * * Дағдарысқа қарсы күресті жүйелі жүргізу үшін Министрлер кабинеті күшейтілді Осы аптада Үкімет деңгейінде бірқатар ауыс-түйістер болып, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің 3 орынбасары Елбасы жарлығымен тағайындалды. Атап айтқанда, Бірінші Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев болды, ал Вице-премьер Ербол Орынбаев өз қызметінде қалса, осы уақытқа дейін Көлік және коммуникация саласын басқарған Серік Ахметов Үкімет басшысының жаңа орынбасары болып тағайындалды. Орынбасарлар санының артуымен қатар, олардың басшылық жасайтын салалары да жіктелді. Мәселен, Бірінші Вице-премьер Ө. Шөкеев бұдан былай шұғыл мәселелерді, өңірлердің проблемаларын шешуге, инновациялық-индустриялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруға, тұрғын үй құрылысы мен агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік ететін болады. Е. Орынбаевқа қаржы-экономикалық блок мәселелері тапсырылады. Ал жаңа басшы С. Ахметов өзіне таныс көлік саласымен айналысып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да жауап беретін болады. Көлік және коммуникация министрі болып, осыған дейін аталған министрліктің жауапты хатшысы қызметін атқарған Әбілғазы Құсайынов тағайындалды. Сонымен бірге, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов Мемлекет басшысы атына өзін қызметінен босату туралы өтініш берген. Министр басшысының осылай өтініш білдіруі кездейсоқтық емес. Өйткені, бұған дейін Н. Ысқақовтың екі орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны, тергеу амалдарын жүргізу басталғаны БАҚ-тарда кеңінен жарияланған болатын. Қоршаған ортаны қорғау министрі болып бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған Н.Әшімов тағайындалды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі орынына «Оңтүстік» ӘКК Басқармасының төрағасы қызметін атқарған Асқар Мырзахметов тағайындалды. Сондай-ақ, бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет еткен Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Облыстық Мәслихаттың депутаттары Мемлекет басшысы ұсынған аймақтың жаңа басшысының кандидатурасын бірауыздан қолдады. Облыстың бұрынғы әкімі Әділғазы Бергеневтің қызметтен босатылуына Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин түсініктеме бере келіп, ел басшыларының өңірдегі құқықтық тәртіптің қамтамасыз етілуіне қатты алаңдаушылық танытып отырғанын айтты. 2008 жылдың қорытындылары бойынша облыстағы қылмыстық жағдай бұрынғыша күрделі күйінде қалып отыр. Бірқатар көрсеткіштер бойынша қылмыстың өскені байқалады. Бұл ретте, А.Мусин жергілікті билік тарапынан құқық қорғау органдарына белсенді қолдау көрсетілмей отырғанын атады. Өткен жыл ішінде Шығыс Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмысы 2 есе өскен. Түрлі деңгейдегі 14 әкім мен әкімдіктің 102 қызметшісі сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты болған, бұл бір аймақ үшін тым жоғары сан екенін айтты ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы. Облыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес деңгейі бойынша республикада соңғы орында қалып отыр. Бірақ, ең сорақысы облыстағы билік құрылымдарында қылмыстық топтармен байланысы бар адамдардың жұмыс істейтіні болып отыр. А. Мусин осыған орай, бірқатар айғақтайтын нақтылы фактілерді келтірді. Басшылық буын шенеуніктері арасындағы жақында орын алған жанжал бұл фактілерді тағы да дәлелдей түскен. Орын алған жағдайдың себебі ретінде Әкімшілік басшысы А.Бергенев тарапынан жасалған әлсіз бақылауды атады. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып бұған дейін Президенттің кеңесшісі ? Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы қызметін атқарған Г.Әбдіқалықова тағайындалды.
Соңғы жаңалықтар